Әйел ұстаздар “Табақ тарту – тектілік және тәрбие” атты шеберлік сағаты өткізді
Ақтөбе қалалық әйелдер мешітінде “Табақ тарту – тектілік және тәрбие” атты шеберлік сағаты өткізді. “Ислам және адал отбасы” жылы аясында ұйымдастырылған бұл тағылымды шараның мақсаты – ұмыт қалып бара жатқан салт-дәстүрлерді жаңғыртып, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау.
Шараның алғы сөзін қалалық ортвлық мешіттің ұстазы Анар Қойшығұлова алып, дін мен дәстүрдің сабақтастығы туралы тағылымды ойларымен бөлісті. Ол қазақ халқының өмір салтында ислам құндылықтары мен ұлттық дәстүрлердің өзара тығыз байланыста екенін атап өтті. Атап айтқанда, азан шақыру, ат қою, сүндетке отырғызу, құда-жекжат болу, қонақжайлылық, жетім-жесірге қамқорлық секілді ізгі амалдардың барлығы дін мен дәстүрдің біте қайнасып жатқанын көрсетті. Сонымен қатар, табақ тарту дәстүрінің өзі – тектіліктің, тағылым мен тәрбиенің көрінісі екенін, әр адамның жасына, жолына, мәртебесіне қарай сыбаға беру арқылы туыстық қатынастар нығая түсетінін жеткізді.
Шараның басты қонақтары – Ақтөбе қаласындағы “Әжелер мектебі” ұйымының белсенді мүшелері Ығылманқызы Әлима , Гүлбаршын Жандуллақызы, Бибігүл Барлыққызы, Гүлнар Тұрсынғалиқызы секілді ақ жаулықты аналар болды. Олар қазақтың көркем салт-дәстүрлерін дәріптеп, табақ тарту дәстүрін жан-жақты түсіндіріп берді. Көрнекі түрде бір марқа қой тұтастай әкелініп, әр әже өз алдындағы ағаш табаққа тиісті жіліктерді бөліп орналастыру арқылы дәстүрдің қыр-сырын көрсетті.
Шеберлік сағат барысында “Бас табақ”, “Сый табақ”, “Орта табақ”, “Құда табақ”, “Жастар табақ” сынды табақ түрлері жасақталып, бас, жамбас, төс, құйымшақ, кәрі жілік секілді мүшелердің кімге және қандай мәнде ұсынылатыны кеңінен түсіндірілді.
Шараны жүргізген Гүлдендік Мырзалина қатысушыларға ұлттық салт-дәстүрге қатысты сұрақтар қойып, көпшілік өз білгендерімен бөлісті. Белсенді қатысқан жамағатқа мешіт атынан “Дұғалар”, “Сауапқа толы салауат”, “100 хадис” кітаптары сыйға тартылды.
Кеш соңында қатысушылар өз ризашылықтарын білдіріп, мұндай тағылымды шаралардың жалғасын табуына тілектестік танытты.











































