«Ізгі аналардың ізгі жолымен» атты дәстүрлі рухани сайыс өтті
Ақтөбе қаласы, "Бақытжан" мешіті әйел жамағаты ұйымдастыруымен "Ислам және дәстүр құндылығы" аясында "Ізгі аналардың ізгі жолымен" атты әрі дәстүр сайысы, әрі рухани шара өтті.
Асыл дініміз бен дәстүрімізді насихаттаған бұл рухани шараға жалпы қалалық жамағаттан 80-ге жуық әйел жамағаты қатысты. Рухани кеш мешіттің кішкентай шәкірттерінің Құран сүрелерін айтумен ашылып, ақ кимешектегі әжелердің салауатымен жалғасты.
Мешіт ұстазы Анар Қойшығұлова дін мен дәстүрдің ұл болашағы үшін, адам өміріндегі және ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын айта отырып, сайысты бастап берді. Сайысқа қала мешіттерінен 5 топ, барлығы 15 әйел жамағаты қатысты.
Білім мен өнер додасына тыңғылықты дайындалған "Зере", "Бопай","Шолпы", "Айша бибі", "Ізгі аналар" дәстүріміздің кереметтей озық үлгілерін көрсете білді. Ой саларлық әсерлі ән де, көрініс те болды. Мақал мәйегін тамызып, "Асыл аналар" кітабынан да асыл аналарымыздың өнегелі өмірінен сұрақтар қойылды.
"Мен қазақ қыздарына қацран қалам" кезеңінде ақ жаулықты аналар ұршық иіріп, жас келіндер қамыр нан илеп, бойжеткен қыздар болса киім жамап ене> келін> қыз үш буын, үш ұрпақтың сабақтастығын шебер көрсете білді. Сол секілді қазақ халқының "Тұсау кесу", "Бесікке салу", "Қыз ұзату" дәстүрлері көрсетілді. Қыз баланың дініміздегі дәрежесі туралы "Көлеңкелік театр" арқылы қойылған қойылым көрермендерге ерекше әсер етті.
Сайыс нәтижесінде әділқазы алқасы "Ақтөбе әйел-қыздар" секторы жетекшісі К. Кушқарова, "Ақтөбе медресе колледжі" ұстазы Ж.Халмуханбетова, мешіт қариясы Гүлшат апай сайыс қатымушыларын төмендегідей атап өтті:
1. Бестамақ ауылы, "Зере" тобы 1-орын
2. Ақтөбе қалалық орталық мешіті "Шолпы" тобы -2 орын
3. Ақтөбе облыстық "Нұр Ғасыр" мешіті "Бопай ханым" - 3 орын иеленсе,
Және де "Бақытжан" мешіті "Ізгі аналар" мен "Нұр ғасыр" мешіті "Айша бибі" алғыс хаттармен марапатталды.
Рухани кеш соңында ақ дастархан басында ақ жаулықты аналардың ақ тілегі мен ұстаздардан уағыз-насихаттар тыңдалды. Келген көпшілік рухани демалып, ризашылықтарын білдіріп тарасты.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі