ИСЛАМ ХҰСНИХАТЫ – МІНСІЗ ӨНЕР 3619

ИСЛАМ ХҰСНИХАТЫ – МІНСІЗ ӨНЕР

10 қыркүйек 2024 39 Оқу 1 минут

Адамзат баласының дамуы мен өркендеуінде жазудың пайда болуы теңдессіз амал болды. Яғни үлкенді-кішілі тайпалар дамып, өркендеген сайын кейінгі ғасырларға қажетті өсиеттер мен өздері жайлы хабар беру үшін ұзақ сақталатын заттарға қашау, т.б. амалдармен өшпестей етіп жазып, хаттар қалдырған. Жазудың адамзат тарихында қандай мәртебелі әрі зор маңызға ие екені жайлы XI ғасырда өмір сүрген Жүсіп Баласағұн өзінің атақты «Құтадғу білік» еңбегінде былай деген: «Бітіп қоймаса еді дана қаламым, Қараңғы қаларды өткен әлем». Иә, жазу-сызу әу бастан адамзат баласымен бірге өмір сүріп келгені ақиқат. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Ғалақ» сүресінің 2-4 аяттарында: «Оқы! Ол Раббың аса ардақты. Сондай қаламмен үйреткен. Ол адамзатқа білмеген нәрсесін үйреткен», – деп хабар береді.

Тарихи дәлелдерге сүйенсек, алғашқы хаттар Жәбірейіл арқылы Адам (оларға Алланың сәлемі болсын) дәуірінде қолданыста болып, ол жазулар ибрани, сурени, араби аталған. Оларды Ұлыбритания музейінде сақталған алғашқы хаттар нұсқасында, яғни жиырма мыңнан астам лай қыштарға жазылып, сопол (отқа пісірілген қыш ыдыстар) сияқты отқа пісіріп қойылған лай тақтайшаларға жазылған миххатталардан (идеографика жазулары) көру мүмкін делінген. Адам дәуіріндегі бұл жазу нұсқалары Нұх (оларға Алланың сәлемі болсын) дәуіріндегі алапат топанның салдарынан көмілген. Кейін оны Ыдырыс тауып, қайта қолданысқа енгізген соң, Ысмайыл және оның ізбасары іспеттес болған Жүсіп (оларға Алланың сәлемі болсын) жалғастырғанын ұлы тарихшы сахаба Кағбул Ахбар (оған Алла разы болсын) риуаят еткен.

Сахабалардың бірі Абдулла инб Аббас (оған Алла разы болсын) та Жәбірейлдің Ысмайылға (оларға Алланың сәлемі болсын) хаттарды өңдеп, қайта жасау жайлы көрсеткенін риуаят етеді. Бұл жазулар қадым заманда сурени, гулдани қабилаларында пайдаланылған. Самауи кітаптар дәл осы гулдани тілінде түскен. Кейін сурени, юнониге тәржіма жасалған. Осылайша алғашқы жиырма екі әріпті әліппе Финикияда (жоғары Мысырда, Ливан тауының етегінде) пайда болғанына тарихи дәлелдер келтіріледі. Кейін көрші тайпалар, халықтар аталмыш Мысыр жазуының он бес әрпін өз өлкесіне алып келу нәтижесінде Арабстан жарты аралындағы соми халықтарының ароми және муснад жазулары келді. Осылайша қазіргі Сирия, Иордания және Ирак жерлерінде осы хаттар негізінде милади жыл санауы бойынша 323 жылы – нимара, 512 жылы – зайд, 568 жылы хиран жазулары пайда болып, осы жазулардың әсерінен 28 әріптен тұратын араб әліппесінің алғашқы түрі мағқали жазуы өмірге келгені тарих кітаптарда жазылған. Ал екі дүние бақытына жетелеуші Құран Кәрімді хазіреті Осман (оған Алла разы болсын) бірнеше нұсқада көшіріп, бір нұсқасын Куфа қаласына жіберген және ол «Куфи Құран», сондай-ақ «Куфи хаты» деп те аталған. Куфи хатының негізін салушы Әбу Әли ибн Муқла (һижри бойынша 338 жылы дүние салған) еді. Х ғасырда куфи жазуының дамуы бәсеңдеді. Алайда мағқали және куфи хаттардың негізінде хаттаттардың (көркем жазушылар) араб жазуын дамыту шеберлігінің арқасында мухаққақ, сулс, насх, тауқиғ, риқоғ, тағлиқ т.б хұснихат өнері (каллиграфия) дүниеге келді. 

Араб жазуы әуелден-ақ өнердің бір түрі болды. Көркем әрі тез жазу шеберлігін меңгеру, сөзді аз ғана жерге сыйдырып жазу және әртүрлі бейнеде (құс, гүл немесе жануардың т.б) жазу үшін мамандар өте ұзақ уақыт бойы еңбек етті. Соның нәтижесінде керемет шебер катибтер (хатшылар) жетіліп шықты. Көркем жазуға талпыну нәтижесінде төмендегідей хаттар пайда болды.

Мухаққақ хаты. Мұндай хаттың көп бөлігі – түзу, қалған бөліктері домалақ көріністе келеді. Бұл хат басқа хаттарға қарағанда мағқали және куфи хаттарға көбірек ұқсайды. Сондықтан Ибн Муқла бұл хатты басқа түрдегі хаттардың біріншісі деп біліп, оған мухаққақ деп ат берген.

Диуани хаты. Диуанхана (сот мекемесі, қазыхана), дәптерлер немесе кітаптардың бір шетіне жазылатын хат. Диуани хатпен түрлі пәрмендер жазылады. Бұл жазу ирек-ирек жазылғандықтан, оқылуы да біраз қиындық тудырады.

Сулс хаты. Бір нәрсенің үштен бір бөлігі немесе үшінші бөлігі деген сөз. Сулс хаты деп аталуының себебі осыда. Мұндай жазуда қаламның үшінші бөлігі ғана немесе сулс хатын жазуды үйрету кезінде қаламның үштен бір бөлігі көбірек қолданылады. Атақты хаттат Ибн Бауаб әріптердің пішінін нүкте өлшеулерге негіздеу арқылы сулс хатын ойлап тапқан.

Насх хаты. Хаттаттар арасында кең қолданыста болғаны үшін осындай атқа ие болды. Насхтың араб тіліндегі мағынасы – «өшіру, бекер қылу». Себебі бұл хат түрі өмірге келген кезде басқа хат түрлері мансұх (жойылған) ретінде шетке шығарылды. Хаттың бұл түрі Х ғасырда кең таралды. Насх хатына тән өзгешеліктің бірі мұнда әлиф, дәл және ләм әріптері иректеліп жазылмайды. Бұл әріптер хатта тез әрі біртегіс жазылады. Насх жазуы әдемі әрі ықшамды болғандықтан, баспаханаларда әдебиетке негіз етіп алынған. Сол себепті кейде хаттың осы түрін баспахат түрі деп де атайды. Насх хаты арқылы көптеген қолжазба шығармалар жазылған. Бабаларымыз қолжазба еңбектерін осы насх және настағлиқ хаттары арқылы жазғандықтан, бұл хат түрін білуіміз қажет. 

Тауқиғ хаты. Бұл хаттың жартысы түзу, жартысы домалақ сызықтан тұрады. Сондай-ақ ол мағқали және куфи жазуларына ұқсайды. Бұл хаттың тауқиғ деп аталу себебі бұрын қазылар қазыхана құжаттарының басына жазылатын сөздерді осы жазумен жазған. Қазылар және әкімдер де құжаттарын осы тауқиғ хатымен бекіткен. Басқармалар мен мекемелерде де әкімшілік қызметкерлері пәрмендерге, хаттарға және қолжазбаларға тауқиғ жазуы негізінде қол қойған.

Риқоғ хаты. Әріптердің бірбіріне құрама жазылатын жазудың түрі риқоғ деп аталады. Риқоғ хаты Осман халифаты дәуірінде кең қолданыста болды. Риқоғ хаты қарапайым хаттарды тез жазып бітіру үшін қолданылған. Сондықтан бұл хат түрі бүгінде араб мемлекеттерінде көп қолданылады. Хаттың бұл түрі ресми және бейресми жазуларда, құжаттарда пайдаланылған. Көбіне түркі шығармалары жазылған. Риқоғ – «руқъа» сөзінің көпше түрі. Яғни «бір жапырақ қағаз, кішкентай хат, жазба» деген мағынаны білдіреді.

Тағлиқ хаты. Бұл хаттың негізі әу баста риқоғ жазуы болған. Кейін оның жазылу пішінін әркім түрліше өзгерткен. Осы тәсілді өзгертуге себепші болған адамдардың бірі Қожа Тажиддин Сулайман. Ол қалыптастырған тағлиқ хаты шығарма, хат және жолдамаларды жазуда жиі қолданылды. Сондықтан шығарма жазушылар оны созып жазған. Кейбір ғалымдар тағлиқ хатын ойлап тапқан Абул Әли деген кісі деп көрсетеді. Абул Әли ойлап тапқан тағлиқ хатының график негіздері куфи хатынан келіп, бұл хат фарси мәтіндерді жазуға таңдалған.

Настағлиқ хаты. Насх және тағлиқ хаттарының бірігуінен туындаған жазу. Бұл жазуды Мир Әли Табризи (Мир Әли Хирауидің ұстазы) өмірге әкелген. Сұлтан Әли Машхади настағлиқ хатын биік дәрежеге көтерген. Настағлиқ хаты біздің өлкемізде де кең таралып, көптеген кітаптар жазылған. 

Жоғарыдағы хаттардың әрқайсысының өз орны бар. Мысалы, куфи – қасида және өлең жазуда, райхани және насх – қиссаларда, сулс – ғылыми шығармаларда, тауқиғ – бұйрық және пәрмендерде пайдаланылған. Осы жазуларды жіңішке (хафи) және жуан (жали) қаламдар арқылы жазу нәтижесінде тағы да он төрт түрлі хат пайда болған.

Шығыс мемлекеттерінде, соның ішінде Қазақ жерінде VII ғасырға дейін хорезм, соғды, орхон-енисей және ұйғыр жазулары секілді көне түркі жазбалары қолданып келген. Мәуереннахр өлкесіне Ислам діні келген кезде араб жазуы қолданысқа енді. Орталық Азияда дін ғылымы дамып, үлкен деңгейге жетті. Сонымен қатар ғылымның басқа салалары да айтарлықтай дамып, әлемге таралды. Хадистану саласында – Бұхари, Термизи, Ислам құқықтануы бойынша – Марғинани, сондай-ақ математика, астрономия, география, философия, медицина салалары бойынша Хорезми, Ибн Сина, Ұлықбек, Қожа Ахмет Ясауи, Әбу Насыр әл-Фараби сияқты бабаларымыз жаһанның білім-ғылым қазынасына мол үлес қосты. Сонымен қатар ел ішінен мәшһүр хаттаттар жетіліп шығып, хатты бітік етуді өнер дәрежесіне көтерді. Солардың бірі Мир Әли Табризи насх және тағлиқ хаттарының біріктіру арқылы настағлиқ хатын өмірге әкелді. Хаттың бұл түрі XVI ғасырда өлкемізде өзінің жоғары шыңына көтерілді. Бабаларымыздың бізге қалдырған мұндай мол мирастан сусындау үшін қазыналар есігін аша алатын кілт міндетін атқарып, көне хаттарымызды жақсы меңгеруіміз қажет.

 

Әбдімүтәлі  ДӘУРЕНБЕКОВ,

«Ақтөбе» медресе-колледжінің директоры

«Иман» журналы, №5, 2024 жыл