Имам суицидке қарсы түсіндіру және насихат жұмысын жүргізді
Ақтөбе облысы «Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының» жеке құрамы арасында «Суицид себептері мен алдын алу және оған жол бермеу» тақырыбында маңызды жиын өтті. Басқосуға қатысқан мамандар бұл мәселенің қоғам үшін өзектілігін атап өтіп, оның алдын алу жолдары мен психологиялық тұрақтылықты сақтау тетіктерін жан-жақты талқылады.
Жиын барысында Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Талғат Аманов арнайы барып, қызметкерлерге ислам шариғаты мен қазақ халқының салт-дәстүрі аясында тағылымды насихат жүргізді. Ол өз сөзінде адам өмірінің қасиетті екендігін, қиындыққа сабырмен қарау, үміт үзбеу және Аллаға тәуекел ету – мұсылманның негізгі ұстанымы екенін атап өтті. Сонымен қатар қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінен мысалдар келтіріп, адамның өз-өзіне қол жұмсауының ауыр күнә екендігін түсіндірді.
Кездесу барысында сондай-ақ күйзеліс жағдайында көмек сұраудың маңыздылығы, бір-біріне қолдау көрсету, отбасы мен қоғамдағы мейірімді қарым-қатынастың рөлі кеңінен сөз болды. Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, рухани және психологиялық тұрғыдан бағыт-бағдар ұсынылды.
Жиын соңында мұндай тәрбиелік мәні зор кездесулердің алдағы уақытта да жалғасатыны айтылып, қызметкерлер өз ризашылықтарын білдірді.









































