Хакім Абайдың өлеңдерін жатқа айтудан сайыс өтті 3875

Хакім Абайдың өлеңдерін жатқа айтудан сайыс өтті

28 қазан 2024 122 Оқу 1 минут

Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің ұйымдастыруымен 25 қазан – Республика күніне орай мектеп оқушылары арасында Абай Құнанбайұлының өлеңдерін мәнерлеп жатқа айтудан «Абайды оқы, жалықпа!» байқауы өтті.

Білім додасы Шалқар қайырымдылық мекемесінде өтіп, оған Шалқар ауданына қарасты 9 мектептің 7 – 9 сынып оқитын ер балаларынан 12 оқушы қатысты.

Игі шарада Шалқар ауданының Бас имамы Абзал Медетбеков мектеп ұстаздары мен оқушыларды мерекемен құттықтап, шәкірттерге сәттілік тіледі. Сонымен қатар, жарыстың мақсатын түсіндіріп өтті.

Содан кейін Шалқар қалалық «Жанаман ахун Сейітімұлы» мешітінің имамы Асан Жетписбаев шәкірттерге жарыс шарттарын түсіндіріп, әділқазылармен таныстырды.

Айта кетейік, Абай Құнанбайұлының өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқудан өткен жарыста төрелік етіп, әділ бағаларын берген «№8 ЖОББМ» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Сатыбалдина Ақтоты Зағитқызы, «№3 ЖОББМ» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Құламанова Айнұр Дүйсенғалиқызы, «Жаңақоныс ЖОББМ» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Үбәйтжан Айнұр Айтжанқызы.

Тартысты өткен жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсетіп жүлделі 1 – орынды (15 000 теңге) «Жаңақоныс ЖОББМ» КММ – нің оқушысы Баймырза Әбілмансұр иеленді. Ал, жүлделі 2 – орынды (10 000 теңге) «Қорғантұз ЖОББМ» КММ – нің шәкірті Құлболды Ербол, 3 – орынды (5000 теңге) «№1 мектеп-гимназия»КММ – нің оқушысы Қамбар Айдар жеңіп алды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар және барлық қатысушы шәкірттерге аудан Бас имамының алғыс хаттары табысталды.