ҚҰДАЙШЫЛ ҚАЛПЫМЫЗДА ҚАЛСАҚ... 1707

ҚҰДАЙШЫЛ ҚАЛПЫМЫЗДА ҚАЛСАҚ...

11 мамыр 2022 97 Оқу 1 минут

Көзімізді ашып-жұмғанша қасиетті Рамазан айы да өте шықты. Біз бұл айда барынша садақа беріп, тарауық намазына қатыстық. Тілімізді жаман сөзден сақтап, Алланы ұлықтауға тырыстық. Бұл айда нәпсімен күресу жолдарын үйрендік. Біздің ендігі мақсатымыз – қасиетті Рамазан айында бойымызға қалыптастырған жақсы әдеттер мен сипаттарды басқа да айларда жалғастыру.

Бір ай бойы жақсы амалдар жасауға ұмтылған пенде басқа да уақытта сол игі амалдарды атқаруға тырысуы керек. Ислам ғалымдарының айтуынша, мұсылманның Рамазан айында ұстаған оразасының қабыл болу көрінісінің бірі – ораза кезінде орындаған ізгі амалдарын басқа да айларда жалғастыру. Міне, ораза кезінде мешітке жиі баруға тырыстық, садақамызды беріп, өзгелерге көмектестік. Осындай Аллаға ұнамды амалдарды өзге де айларда үздіксіз жалғастыру – ұстаған оразамыздың қабыл болғанынының дәлелі.

Ислам діні амалда тұрақты болуды бұйырады. Аллаға ұнамды амал – тұрақты орындалған құлшылық. Бірде сахабалар Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі, Аллаға қандай амал ұнамды?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбар: «Үнемі әрі тұрақты орындалған амал» деп жауап береді. Айша анамыз (оған Алла разы болсын) мынадай хабар жеткізген екен: «Бір адам Пайғамбарымыздан «Аллаға ең ұнамды амал қайсы?» деп сұрағанда: «Аз да болса, тұрақты түрде үздіксіз орындалатын амал» деп жауап берді». Демек Алла Тағала тұрақты орындалған амалды ұнатады деген сөз. Жоғарыдағы хадиске түсініктеме жазған ғалымдардың пікірінше, егер адам баласы тұрақты түрде орындап жүрген амалын бір күні белгілі себеппен, мысалы сапарда болу, науқастанып қалу, қарттық жетумен орындай алмай қалса, Аллаға Тағала ол пендесіне тұрақты түрде жасап жүрген сол құлшылықтың сауабын жазады екен. Өйткені Алла Тағала ол пендесі ауырып немесе сапарда болмағанда міндетті түрде әдеттегі ізгі амалын орындайтынын жақсы біледі. Орынды себеппен орындай алмаса да оған сауап жазады.

Алла Тағала Қиямет күні жазушы періштелеріне: «Пәленше деген құлымның амал дәптеріне «мынаны, мынаны жаз» деп бұйырады. Періштелер: «Уа, Раббымыз! Бұл пендеңнің ондай бір нәрсесін жазбадық. Дәптерімізде ондай нәрсе жоқ» дейді. Сонда Алла Тағала: «Құлым мұны істеуді ниетіне алған еді» деп жауап береді. Мұсылманның ниет етіп, бірақ орындай алмай қалған амалына сауап жазу себебін ғалымдар ол адамның тұрақты амалының болғанымен түсіндіреді.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға ең ұнамды амал – аз да болса тұрақты түрде үздіксіз орындалатын амал» деген хадисіне түсініктеме жазған Имам әл-Нәуауи: «Бұл хадис ізгі амалдарда тұрақты болуға үндейді. Сонымен қатар бұл хадисте тұрақты түрде орындалып отырған кішкентай ізгі амал тұрақты емес үлкен амалдан абзал екендігі меңзеліп тұр. Үнемі үздіксіз орындалатын кішкентай амал үлкен әрі тұрақсыз амалға қарағанда әлдеқайда көбірек пайдалы» дейді.

Алла Тағала бізге қасиетті Рамазан айында отыз күн бойы нәпсімізбен тұрақты түрде күресуді үйретті. Ислам ғалымдарының бірі: «Нәпсімнен үлкен дұшпанмен күресіп көрген емеспін. Кейде мен оны жеңемін, кейде ол басым түскен кездері де болады» деген екен. Шын мәнінде, адам баласы үшін өз нәпсісінен артық дұшпан жоқ. Хасан әл-Басридың (Алла оны рақымына алсын): «Жиһадтың ең абзалы – нәпсімен күресу. Жүгендеуге мұқтаж болған нәпсіңнен артық асау жоқ» деген сөзінде үлкен мән жатыр. Осындайда Шал ақынның:

«Нәпсің бір көкжал бөрідей,

Иманың бағлан қозыдай.

Егер тыю салмасаң,

Иманыңды жеп кетер» деген өлең жырлары еске түседі. Шал ақынның тағы бір өлең жолдарында:

«Иман – қой, ақыл – қойшы, нәпсі – бөрі,

Бөріге қой алдырмас ердің ері.

Таяқты қатты ұстап қойшы тұрса,

Жоламас ешбір пәле, шайтан-пері» делінген.

Иә, нәпсімізді үнемі жүгендеп отырмасақ, иманымызды әлсіретіп кететіні белгілі. Адамның бір жауы шайтан болса, екінші жауы оның нәпсісі екені ақиқат. Шайтаннан оның азғыруына қарсы амалдар жасау арқылы сақтанамыз. Ал нәпсімізден шақуатымызды тәрк ету арқылы сақтанамыз. Алла Тағала қасиетті Құранның «Назиғат» сүресінің 40-41-аяттарында былай деп ескертеді: «...Кім Раббысы құзырында тұрудан қорқып, нәпсісін жаман қалаудан тыйса – оның баратын жері жәннат».

Ораза бізге өзгелермен көркем мәміле жасауды үйретті. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйреткендей, Рамазан айында бізбен дауласқысы келген, әдеп білмес адамдарға көркем түрде «мен оразамын» деп жауап беруге дағдыландық. Бұл дағды мұсылмандық қалпымызды, қашан да, қай істе де құдайшыл болу сипатымызды одан сайын көркейте түскені ақиқат. Ұрыс-керіс деген сынақ біздің күнделікті өмірімізде кездесетін құбылыс емес пе? Ендеше, осындай сынақтан қалай өтеміз? Әрине көркем мәміле жасау арқылы мұндай сынақтан сүрінбей өтеміз. Біз үшін мұсылмандық қалыптан шықпау қашан да маңызды.

Бір күні бір сахабаға бір кісі келіп «Сен пәленсің, сен түгенсің» деп нешетүрлі жаман сөз айта бастайды. Әлгі адамның аузынан шыққан әдепсіз сөздерді тыңдап болған сахаба: «Алла разы болсын! Аллаға ант етейін! Бойымда сіз айтқаннан да көп кемшілігім бар. Қалғанын жасырып, осы қателігімді сіз арқылы көрсеткен Аллаға сансыз мадақ болсын!» деп жауап берген екен. Міне, нағыз мұсылмандық сипат осында болар. Ілгеріде өткен бабаларымыз «Мұсылманның мінезі жібектей жұмсақ болуы керек» деп айтушы еді. Жұмсақтық мінез өзіңе қарсы пікір айтқан кезде де көрініс табуы тиіс.

Рамазан сіз бен бізді қанағатшыл болуға үйретті. Ораза кезінде алдымызға келген асымызға шүкір етіп, барға қанағат еттік. Осылайша, Алланың бергеніне риза болдық. Ораза кезінде Құдайдың бергеніне риза болу арқылы ең бай адам екенімізді сезіндік. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құдайдың бергеніне разы болсаң, ең бай адамның бірі боласың» деген хадисін терең түсінуге тырыстық.

Рамазан айы бізді кешірімді болуға, жомарттық жасауға, ізгілермен дос болуға, ешкімге зиян тигізбеуге, жаман ойдан аулақ болуға, ауызашар беріп, қонақжайлық танытуға үйретті. Ең бастысы Алла Тағала Құранда: «Уа, иман еткендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім сол арқылы (асау нәпсіні тізгіндеп), күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер» («Бақара» сүресі, 183-аят) деп баяндағандай, тақуалық сипатты бойымызға қалыптастыруға тырыстық.

Мәлик ибн Динар (Алла оны рақымына алсын): «Өз бойынан тақуалықты байқап, үкілі үмітті сезінген адам шүбәсіз ақиқатқа жармасады. Тақуалықтың белгісі – Құдай тыйған істерден жиіркене қашу. Үміттің белгісі – Құдай бұйырған істерді сүйсіне жасау», – деген екен.

Иә, біз ораза кезінде Алланың тыйған істерінен тыйылуға тырыстық. Сол арқылы бойымызға тақуалықтың дәнін ектік. Ендеше Рамазан айында сіңірген тақуалықты басқа да айларда ұстанайық. Бір ғұлама айтқандай, «Рамазаншыл болмайық, Құдайшыл болайық!». Құдайшыл қалпымызда қалайық!

 

Әнуар ІЗІМБАЙҰЛЫ,

Маңғыстау облысының бас имамы

«Мұнара» газеті, №8, 2022 жыл