БИЗНЕС ЖАСАУ МАҚСАТЫНДА КРЕДИТ АЛУҒА БОЛА МА? 3505

БИЗНЕС ЖАСАУ МАҚСАТЫНДА КРЕДИТ АЛУҒА БОЛА МА?

30 тамыз 2024 126 Оқу 1 минут

Шариғатымызда өсімге (кредит) тыйым салынған. Ол үстеме ақшамен беру болғандықтан, кесімді түрде арам болады. Оның арам екені Алланың кітабында, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінде де баяндалған әрі барлық ғалымдар бірауыздан оның арам екеніне келіскен.

Құранда: «Алла Тағала сауда-саттықты адал, ал өсімді арам етті», – деді. Жәбирден (оған Алла  разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өсім жеушіні, жегізушіні, келісімді жазушыны, оған куәгер болғандарды лағынеттеді және «Олардың бәрі күнәда бірдей деді», – деген. Сондықтан мұсылман адам ешқандай зәрулік болмаса пайызға жоламауы, білместікпен алып қойған жағдайда Аллаға шынайы тәубе етуі керек.

Ризық – Алладан. Адам өзінің ризығын іздегеніндей, ризығы да өз иесін іздейді. Ол қай жерде болмасын, оны ажалы іздеп тапқанындай, ризық оны іздеп табады. Жәбир ибн Абдулладан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деді: «Уа, Адамдар! Ризықтарыңды талап етуде көркемдік танытыңдар. Өйткені адам оны толық алмай, бұл дүниеден өтпейді. Алладан қорқып, оны талап етуде дұрыс жол іздеңдер. Адал болғанын алып, арам болғанын тастаңдар», – деді.

Қорыта айтқанда, Құранда, хадисте айтылғандай, кредит алу күнәлі іске жатады. Адам дүниеге келмей жатып анасының ішінде болғанда оның ризықнесібесі жазылады. Сондықтан тағдырына жазылған ризықты іздеуде мұсылман адам шариғатқа сай адал жолды іздеуі керек.

 

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ

«Иман» журналы, №7, 2024 жыл