Бас имам «Жемқорлыққа қарсы күрес – әр азаматтың міндеті» тақырыбында баяндама жасады 729

Бас имам «Жемқорлыққа қарсы күрес – әр азаматтың міндеті» тақырыбында баяндама жасады

12 тамыз 2021 184 Оқу 1 минут

 Ақтөбе облысының дін істері басқармасы мен облыстық сыбайлас жемқорлыққа қары іс-қимыл департаментінің ұйымдастыруымен «Сыбайлас жемқорлықты жалпыға бірдей қабылдамауды қалыптастырудағы руханилық пен имандылық тақырыбында өткен дөңгелек үстелде Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы баяндама жасады.

Онлайн дөңгелек үстел барысында облыстың бас имамы бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлық – заманауи қоғамның өзекті мәселесі екеніне тоқталып, оған қарсы тұру қажет екендігін айтты.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың шығу тарихы б.з.б. IV-III-мыңжылдықтарда Алдыңғы Азияда Шумерліктерде, Б.з..б. III-II мыңжылдықтарда Мысыр, Өзен аралығы, Үндістан, Қытай, Иудей халықтарында пара алу түсінігі болған дей келе, карфаген, Рим империясы, Византия, Осман империясы секілді өз заманының құдіретті мемлекеттерінің ыдырап, жойылып кетуінің ең басты себептерінің бірі сыбайлас жемқорлық деп атады.

«Сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін, ең қауіпті түрі – парақорлық. Пара беру де, пара алу да пайдалы болмайтындай дінде де үлкен қылмыс. Асыл дініміз исламда жетпіс үлкен күнәнің бірі – жемқорлық болып саналады.

Бақара сүресінің 188-аятында: «Араларыңдағы малдарыңды (дүниені) бұзық жолмен жемеңдер. Сондай-ақ, біле тұра адамдардың малынан бір бөлім жеу үшін билерге апармаңдар» деп айтылған. Мұның мағынасы: «Би мен қазыларға мал-дүние ұсынбаңдар. Дүние беріп, олардың көңілін табуға, пара беріп, біле тұра өзгеге тиесілі мүлікті, игілікті қолды етпеңдер», – дегенді білдіреді. Жемқорлық пен парақорлық Құранда харам және қылмыс іс ретінде көрсетілген. Маида сүресінің 42-аятында: «Олар өтірікке құлақ салушы, арам жеушілер...», - деп айтылған. Бұл аят – пара алып, арам табыспен күнелтетін яһудилер жайында. Сонымен бірге, парақорлық хадиспен, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөзімен де тыйым етілген қылмыс. Әбу Дәуід және Тирмизиде сахаба Абдулла бин Амрдың (р.а.): «Алла Елшісі (с.ғ.с.) пара берушіні және пара алушыны қарғыс еткен», - деген риуаяты бар.

Сыбайлас жемқорлықпен күресте діни жұртшылықтың да көмегі зор. Дін қызметкерлерінің жоғары адамгершілігі мен беделі халықтың моральын нығайтуға үлкен үлес қосатынына сенімдімін. Қазіргі таңда республика бойынша мешіттерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес насихатталып келеді» – дей келе, Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы өз баяндамасында пара алу мен берудің шариғаттағы үкімін атап өтті.

Қорыта келгенде, Бас имам жемқорлыққа қарсы күрес – әр азаматтың міндеті деп, ол үшін ең алдымен азаматтардың бойындағы әділдік, инабаттылық сияқты моральдық қасиеттерді барынша дамыту әр адамның өмір сүру қағидасындағы ұстаным ретінде әрбір отбасы осыған аса мән берсе деп түйіндеді.

Ақтөбе облыстық орталық  

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі