Ғалымдардың қолын сүюге бола ма?
Аса қамқор ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын.
Алдымен бұл мәселеге тоқталмастан бұрын, мына жайтты ескерген жөн. Әр халықтың өздерінің ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар. «Әр елдің салты басқа, иттері қара-қасқа» демекші, халқымызда да жасы үлкен, халық арасында сыйлы кісілердің қолын сүю әдеті бар болғандығы жасырын емес.
Алайда бай-бағландарға жағымпаздық мақсатында олардың көзінде жақсы көріну ниетімен қол сүйген және сүйетіндер де аз емес. Осыны ескерсек, бұл мәселеге ихтият болған жөн.
Ғалымдар, сыйлы кісілердің немесе шәкірттің ұстазының қолын сүю арқылы құрмет көрсету – діни міндет емес.
Қол сүюге байланысты мәселе өте нәзік мәселелердің бірі болып саналады. Егер бұл әрекет құрмет ниетімен бір тақуа немесе ата-анаға жасалатын болса, онда бір әбестік жоқ. Ал егер де бір фитна (іріткі) немесе арам пиғылдан туындаса, исламда тиым салынған әрекеттерден болып саналады.
Осыған байланысты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бізге жеткен ешбір хадисінде тікелей бұйрығын табу қиын. Алайда төмендегі хадистерден жалпы қол сүйіп, құрметтеуге байланысты Пайғамбарымыздың рұқсатын және кейбір сахабалардың бір-бірінің қолын сүю арқылы құрмет көрсеткенін байқаймыз. Бірақ, бұл жерде ескерте кететін жайт, үлкендер қолдарының сүйілуін, өздеріне солай құрмет көрсетілуін іштей қаламауы тиіс.
Имам Бухари өзінің «Әл-адабул-мұфрад» атты кітабында «Қолды сүю» бабында мына хадистерді келтіреді: Уазиғ ибн Амр былай деді: «Біз Мәдина қаласына келер келмес, бізге «Алланың елшісі әне, ана кісі» делінді. Біз пайғамбарымыздың қол-аяғын сүйе бастадық». әл-Бухари, әл-адабу Сәбит Әнастан «Пайғамбарға қолыңды тигіздің бе?» деп сұрағанда, Әнас (р.а.): «Иә», - деп жауап қайырды. Сәбит болса дереу Әнастың қолын сүйді. Жоғарыдағы оқиғада ол жерге Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің қолын сүйгізгісі келіп келген жоқ. Қазақта да балаға түкірту деген деген әдет болған. Мұндағы мақсат жасы үлкен ел арасында сыйлы кісілерге ұқсасын есейгенде олардан үлгі алып өссін деген ниет.
Бұған қоса «Кәнзул-уммал» атты хадис кітабында мына бір риуаятты көреміз. Екі яһуди келіп пайғамбарымыздан тоғыз ашық мұғжиза жайлы сұрайды. Пайғамбарымыз сұрақтарына жауап бергеннен кейін екі яһуди пайғамбарымыздың қолы мен аяғын сүйіп, пайғамбар екендігіне куәлік келтіреді. Бұл риуаят Сафуан ибн Ассалдан риуаят етілді.
Имам ән-Нәуауий былай деді: «Кісінің қолын абыройы, тақуалығы, ғылымы секілді діни істері үшін сүю мәкрүһ емес, тіпті мұстахаб амалға жатады. Ал егер байлығы, мықтылығы яки дүниелік мансабы үшін болса, онда қауіпті мәкрүһ амалға жатады».
Бағзы заман, байырғы дәстүрге бақсақ, түркілік дәуірден бергі тарихымызда ханның, қолбасының қолын сүю дәстүрі болған. Ол шынайы құрмет пен ризашылықтың нышаны болып, ғасырлар бойы ата тарихымызда жалғасын тапқан. Қазақ даласында баланың атаның, әкенің, ананың қолын сүйіп құрметтеуі күні кешеге дейін жалғасқан. Ханның қолын сүю оған қарағанда оғаш мінез, одағай тірлік емес екені және белгілі.
Демек, қол сүю арқылы құрмет көрсетуде кісінің ішкі ниеті өте маңызды. Сүйгізуші мен сүюшінің ниеттері бұл мәселенің үкіміне тікелей әсер етеді. Яғни, кісіні дүниелік мақсаттар үшін, яки оның мансабы мен байлығы үшін сүю дұрыс емес.
Имам Байһақи Сунанул кубра кітабында, Тәмим ибн Сәләмәнің риуаятында былай делінеді: «Хазреті Омар Шам қаласына келген кезде оны Әбу Убайда ибн Жаррах күтіп алып,қолынан сүйеді. Содан сон екеуі жылап жіберд».- дейді. Осы кітапта Тәмим «Қолды сүю – сүннет», деп айтқан.
Ал қолы сүйілетін кісі өзгелерден әрдайым өзінің қолының сүюілуін іштей күтсе, тәкаппарланып паңданатын болса, ол да дұрыс емес. Қол сүйіп құрметтеуге байланысты осы нәзік қағидалар сақталған жағдайда қол сүйіп құрметтеуге шариғатымыз рұқсат етеді.
Дайындаған: Мұхаммедисмаил Шадман
Ақтөбе облыстық орталық
Нұр Ғасыр мешітінің найб имамы