Алланың 10 түрлі сыйлығы
Айшадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «Егер Алла Тағала жәннаттықтарды жәннатқа кіргізуді қаласа, оларға қолдарында сый мен жәннат киімі бар періштелерді жібереді. Олар жәннатқа кірмек болғанда періште оларға: «Тұра тұрыңдар, менде әлемдердің Раббысының сыйы бар», – дейді. Олар: «Ол қандай сый?» – деп сұрасады. Сонда періште: «Ол – он түрлі жүзік, біріншісінде: «Сендерге сәлем! Хош келдіңдер! Оған мәңгі қалатын түрде кіріңдер» (Зүмәр, 73) деп жазылған. Екіншісінде: «Сендерге енді еш қайғы-қасырет те, уайым-мұң да жоқ» деп жазылған. Үшіншісінде: «Істеген амалдарыңа қарай мұрагерлері болған жәннаттарың сол» (Ағраф, 43) деп жазылған. Төртіншісінде: «Сендерге көркем шапандар мен әшекейлер кигіздік» деп жазылған. Бесіншісінде «Оларды ботакөз хор қыздарымен үйлендіреміз» (Дұхан, 54) және «Шындығында, бүгін Мен оларды сабыр еткендіктері себепті мол сыйға бөледім» (Мүминун, 111) деп жазылған. Алтыншысында: «Бұл сендердің жасаған ғибадаттарыңның бүгінгі сыйы» деп жазылған. Жетіншісінде: «Сендер жастарға айналдыңдар. Енді ешқашан да қартаймайсыңдар» деп жазылған. Сегізіншісінде: «Амандық-есендікте боласыңдар. Енді сендерге еш қауіп жоқ» деп жазылған. Тоғызыншысында: «Сендердің жәннаттағы жолдастарың пайғамбарлар, шыншылдар, шәйіттер және ізгі жандар» деп жазылған. Оныншысында: «Ардақты Аршының Иесі Рахманның қасында тұрасыңдар» деп жазылған. Сонан соң періште: «Жәннатқа амандықпен кіріңдер» (Хижр, 46), – дейді. Ал олар: «Барлық мадақ бізден қайғыны жойған Аллаға лайық. Шындығында, Раббымыз Аса Жарылқаушы әрі Алғыс Білдіруші» (Фатыр, 34) және «Бізге берген уәдесін шынға шығарған және бізді жәннаттың жеріне мұрагер еткен Аллаға барлық мадақ лайық. Жәннаттан қалағанымызша орын аламыз. Амал етушілердің сыйлығы қандай көркем» (Зүмәр, 74), – дейді. Алла Тағала тозақтықтарды тозаққа кіргізуді қалағанда оларға бір періштені жібереді. Оның қолында он түрлі жүзік болады. Біріншісінде былай жазылған: «Оған кіріңдер, онда мәңгілік өлмейсіңдер де, тірі де болмайсыңдар, одан ешқашан шыға алмайсыңдар» деп жазылған. Екіншісінде: «Азапқа тереңірек кіріңдер, сендерге енді еш рахат жоқ» делінеді. Үшіншісінде: «Бұлар Менің рахымымнан күдер үзді» деп жазылған. Төртіншісінде: «Мәңгілік уайым-қайғыға, қайғы-қасіретке батыңдар» деп жазылған. Бесіншісінде: «Тозақтағы сендердің киімдерің от, тамақтарың заққұм ағашы, сусындарың ыстық тер, төсеніштерің мен жамылғыларың от-жалын» делінеді. Алтыншысында: «Бұл сендердің жасаған күнәларыңның жазалары» деп жазылған. Жетіншісінде: «Тозақта сендерге мәңгілік қаһарым болсын» деп жазылған. Сегізіншісінде: «Сендерге лағынет болсын! Үлкен күнәларды қасақана жасап, тәубеге келмедіңдер, тіпті өкінбедіңдер де» деп жазылған. Тоғызыншысында: «Тозақтағы мәңгі сыңарларың –– шайтандар» деп жазылған. Оныншысында: «Шайтанға еріп, тек дүниені қаладыңдар, ақыретті ұмыттыңдар. Міне, жазаларың!» деп жазылған».