АЛИМЕНТ ТӨЛЕУДІҢ ДІНДЕГІ ҮКІМІ ҚАНДАЙ?
Алимент дегеніміз – бір адам оны алуға құқығы бар екінші адамға беруге міндетті ақшалай немесе материалдық қаражат. Алименттің көп таралғаны – баланы асырауға төленетін төлемдер. Шариғатымызда алимент деген түсінік болмағанымен нәпақамен қамтамасыз ету ұғымы бар. Яғни отағасының жауапкершілігіндегі жандарды қажетті нәрселермен (азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек, баспана т.б.) қамтамасыз ету.
Кішкентай балалардың нәпақасы белгілі бір жасқа жеткенге дейін әкеге жүктеледі. Нәпақаға баланың тамағы, киімі, ауырса емдетуі секілді шығындар жатады. Тіпті кәмелет жасына жетіп, оқуы немесе мүгедек болуы себепті жұмыс істеуге мүмкіндігі болмаса, әкесі баласын нәпақамен қамтамасыз етуі керек. Ал қыз баланы тұрмысқа шыққанға дейін бағып-қағады.
Әкесі ажырасып кетсе де баласының алдындағы жауапкершілік пен міндеттен босамайды. Ғиддат мерзімі аяқталғанға дейін әйеліне, белгілі бір жасқа жеткенге дейін балаларына нәпақа беріп отырады. Алла Тағала бұл жайында: «Бала емізетін аналарды ас-ауқат және киім-кешекпен қоғамдағы ғұрыпқа сай жақсылап қамтамасыз ету – бала әкесінің міндеті. Ешкімге шамасынан тыс міндет жүктелмейді», – деген («Бақара»
сүресі, 233-аят).
Имам ибн Мунзир: «Әкенің кішкентай балаларына нәпақасын беруге тиіс екенін бүкіл ғалымдар бірауыздан қолдаған. Өйткені бала – адамның бауыр еті. Өзінің тәнін азықтандыруы тиіс болғанындай, баласын да тамақтандыру – оған міндет», – деген.
Әкесінің жұмыс істеуге шамасы жетіп тұрса, балаларының нәпақасы оның мойнында болады. Нәпақаны әр әке жағдайына қарап береді. Алла Тағала Құранда: «Ауқатты адам (қолына қараған әйел, бала-шағасына) ауқатына қарай (мол) нәпақа берсін. Ал ризық-несібесі шектеулі болған адам Алланың өзіне нәсіп еткен жағдайына қарай нәпақа берсін», – деген («Талақ» сүресі, 7-аят).
Әрбір ата-ана балаға жауапты, перзент оларға аманат. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бәрің де бақташысыңдар, бәрің де қоластындағыларға жауаптысыңдар. Әмірші – адамдарға бақташы, өзінің қоластындағыларға жауапты. Ер адам – отбасына бақташы, өзінің қоластындағыларға жауапты. Әйел – күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапты», – деген. Сондықтан ажырасқан күнде де әкенің балаларын асырап, бағуы (алимент төлеуі) оған жақсы тәрбие беруі шариғат бойынша міндет. Оны төлеуден қашу, табысын жасырып, аз мөлшерде төлеу – күнә. Ер адамдар осы күнәсі үшін бұл дүниеде заң ал-
дында, ақыретте Алла алдында жауап береді.
Медет ҚҰРМАШҰЛЫ,
«Иман» журналы, №2, 2023 жыл