Темір ауданында жаңа мешіт ашылды
Қасиетті жұма күні, 2026 жылдың 6 ақпанында Темір ауданына қарасты Қопа ауылында жаңа мешіттің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Игі шараға дін өкілдері, аудан және ауыл әкімдігі, ақсақалдар, демеуші кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиын Темір аудандық «Досжан ишан» мешітінің наиб имамы Әділгерей Нұрбектің Құран аяттарын оқуымен басталды. Одан кейін Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Әбілдаұлы Садиев Құран батасын жасап, жамағатқа ақ тілегін білдірді.
Шара барысында ауыл ақсақалы, ардагер Өтеуов Кәкім Артықбайұлы сөз сөйлеп, жаңа мешіттің ел бірлігі мен ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын атап өтті. Сондай-ақ облыс бас имамы жиналған қауымды мешіттің ашылуымен құттықтап, ҚМДБ төрағасы, Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы тағайындаған Қопа ауылдық мешітінің жаңа имамы Ерболат Төлеутайды таныстырып, бұйрығын оқып берді. Сонымен қатар мешітке Бас мүфтидің атынан арнайы сыйлықты табыстады.
Сондай-ақ мешіт ашылу рәсімімен қатар ҚМДБ “Зекет және қайырымдылық” қорының “Ел үлесі пәтерге” акциясы аясында жаңадан тағайындалған имам Ерболат Төлеутайға қызметтік баспана сертификатын табыстады. Бұл Республика бойынша 882-ші баспана.
Салтанатты жиында аудандық әкімшілік өкілі де сөз сөйлеп, ел игілігі жолында бой көтерген мешіттің рухани өмірге серпін беретінін айтты. Әжелердің шашу шашып, жамағаттың мешітке бірге кіруі — шараның көркін аша түсті. Ашылу рәсімінен кейін 2 ракағат сәлем намазы оқылып, облыс бас имамы жұма уағызын айтып, жұма намазын жүргізді.
Жұма намазынан соң мешіттің ашылуына орай Еркеназ кафесінде ас берілді. Дастархан басында алдымен ауыл мешітінің салынуына себепкер болған марқұм Болатбай ағаның рухына Құран бағышталды. Кейін облыс бас имамы Амантай Әбілдаұлы, Кеңестуы ауылдық округінің әкімі Маясаров Жанибек Айсаұлы, Темір ауданының бас имамы Зарлық Ералин және ауылдың сыйлы азаматтары мен ақсақалдары ізгі тілектерін білдірді.
Ас барысында мешіттің салынуына атсалысқан кәсіпкерлер мен жанашыр азаматтарға Ақтөбе облысының бас имамы атынан алғыс хаттар табысталды. Атап айтқанда, Азат Қаныбекұлы, Абзал Наурызбайұлы, Айбек Айсаұлы, Бауыржан Серікұлы, Әділбек Алпысбайұлы және Жәнібек Айсаұлы марапатталды. Мешітті салуға негізгі демеуші болған азамат Ақтөбе облыстық орталық “Нұр Ғасыр” мешітінің іс басқарушысы Қаныбек Кеулімжаевтың ұлы Азат Қаныбекұлы есімді азамат.
Ауыл тұрғындары ерекше сыйлық жасап ауыл руханиятына қосқан үлесі үшін дән риза болып Азат Қаныбекұлына жылқы мінгізді.
Жиын соңында демеуші болған кәсіпкерлер мен ауыл ақсақалдары елдің бірлігі, ұрпақтың имандылығы, жаңа мешіттің берекелі қызмет етуі үшін ақ баталарын берді.
Жаңа мешіт Қопа ауылы тұрғындарының рухани ордасына айналып, елдің діни-рухани өміріне тың серпін беретініне сенім мол.





























































