ДІНДЕГІ ҰСТАМДЫЛЫҚ
Адам баласының рухани кемелдену жолындағы ең асыл қасиеттерінің бірі – ұстамдылық. Ол нәпсінің жетегінде кетпей, ақыл мен имандылыққа сүйену, жүректі күнәдан сақтап, мінезді көркемдікке тәрбиелеу деген сөз. Ұстамдылық – тек тыйылу ғана емес, ол ішкі тәртіп, ар-ожданның сергектігі, Алланың разылығын бәрінен биік қою. Қай кезде де өзін тежей алған жан ғана шынайы еркіндікке жетіп, қоғамда да, жеке өмірінде де ізгілік пен парасаттың үлгісіне айналады. Сол үшін ұстамдылық – адам мінезіндегі ең асыл қасиеттердің бірі. Ол нәпсіні бақылау, сезім мен қалауды ақылға бағындыру, әр істе шектен шықпау дегенді білдіреді. Ұстамдылық адамды қателіктен, асығыстықтан және зиянды әдеттерден сақтайды, ал рухани тұрғыдан кемелденуіне жол ашады.
Ұстамдылық шариғи мәтіндерде «әл-ғиффату» (العفة) деп аталады, ол «алыс болу, сабырлық таныту, таза болу» деген мағыналарды білдіреді. Ибн Манзур: «Ұстамдылық дегеніміз – адал емес, ұнамсыз нәрселерден алшақ болу. Ұстамдылық – тазалық», – деген.
Ал ұстамдылықтың шариғи терминдік мағынасы: «адамның өз бойындағы күнәлі істерге деген құштарлығын тежей білуі» деген сөз.
Бірінші: ұстамдылықтың маңызы
Исламда ұстамдылыққа ерекше мән беріледі. Себебі ол иманмен тығыз байланысты. Ұстамды адам ар-намысын қорғайды, арамнан аулақ болады, сөзі мен ісіне жауапкершілікпен қарайды. Мұндай қасиет адамды Аллаға жақындатып, оның жүрегіне тыныштық орнатады.
Ұстамдылықтың жеке адам үшін пайдасы өте зор. Ол сабырлы болуға, ашу мен құмарлықты жеңуге көмектеседі. Ұстамды адам қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдай алады, өз абыройын сақтайды және өзгелерге құрметпен қарайды. Бұл қасиет адамның мінезін көркемдеп, оны сенімді тұлғаға айналдырады.
Қоғам өмірінде де ұстамдылықтың орны ерекше. Ұстамды қоғамда тәртіп, сыйластық және әділдік орнайды. Отбасында береке сақталып, жастар теріс әрекеттерден алшақ болады. Ұстамдылық адамдар арасындағы жанжал мен келіспеушілікті азайтып, татулықты нығайтады. Оны бойына сіңірген адам өзіне де, қоғамға да пайда әкеледі. Сондықтан ұстамдылықты өмірлік ұстаным ету – әрбір саналы адамның міндеті. Абай атамыз өзінің поэмасында:
Мықтымын деп мақтанба, ақыл білсең,
Мықты болсаң, өзіңнің нәпсіңді жең! – деп адам бойындағы шынайы күштің өлшемін айқын айтады. Білектің қуаты да, атақ-даңқ та – өткінші, ал өзін тәрбиелей алған жан ғана шынайы бақыттың жолын табады. Себебі адамды құлататын сыртқы жау емес, ішкі құмарлық пен тойымсыздық. Ішкі тәртіпке қол жеткізген адам ғана арын сақтап, рухани байлыққа кенеледі. Ұстамдылық арқылы сол биік руханият шыңының берік тірегіне айналады. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَقُل لِّلْمُؤْمِنَاتِ يَغْضُضْنَ مِنْ أَبْصَارِهِنَّ وَيَحْفَظْنَ فُرُوجَهُنَّ وَلَا يُبْدِينَ زِينَتَهُنَّ إِلَّا مَا ظَهَرَ مِنْهَا...
«Мүмін әйелдерге айт: арамға көз салмасын! Тәндерін зинадан сақтасын. Сондай-ақ еріксіз көрінетін жерлерінен басқасын жауып жүрсін», – деген («Нұр» сүресі, 31-аят).
Бұл дүниеде пенде нәпсісі қызыққан күнәлі істерден өзін ұстай білсе, оның дәрежесінің артуына, бақытты өмір сүруіне себеп болуымен қатар, Алланың мейірімі мен Жәннатына жеткізеді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مَنْ يَضْمَنْ لِي مَا بَيْنَ لَحْيَيْهِ وَمَا بَيْنَ رِجْلَيْهِ، أَضْمَنْ لَهُ الْجَنَّةَ
«Кімде-кім маған екі жағының арасындағысы мен екі аяғының арасындағысын (күнәлі істен ұстаймын деп) кепілдік берсе, мен оған жәннатты кепілдік етемін», – деген (имам Бұхари).
Табиғин Әюб Сахтияни (Алла оны рақымына алсын): «Адам өзгенің қолындағы дүниеге көз салмай, ұстамдылық танытпайынша шарапатқа жетпейді. Ал кімге өз ар-намысы қымбат болса, оның көзінде бұл дүние арзандайды», – деген.
Екінші: ұстамдылықтың көріністері
- Күнәлі істерден өзін сақтау
Мұсылман адам шариғатымызда тыйым етілген бүкіл күнәлі істерден өзін сақтауы керек. Адал істердің шеңберінен шықпай, арамнан өз бойын аулақ ұстау – әрбір иісі мұсылманның міндеті. Халқымыздың даналық сөздерінде: «Адал жүрсең шырағым, аспандап ұшар пырағың» деп бекер айтылмаған болса керек.
Ауыр сынаққа тап болған кезде Юсуф (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың күнәдан тұла бойын ала қашқандығын ұстамдылықтың ең жоғарғы деңгейдегі үлгісі ретінде айтуға болады. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَرَاوَدَتْهُ الَّتِي هُوَ فِي بَيْتِهَا عَن نَّفْسِهِ وَغَلَّقَتِ الْأَبْوَابَ وَقَالَتْ هَيْتَ لَكَ قَالَ مَعَاذَ اللَّهِ إِنَّهُ رَبِّي أَحْسَنَ مَثْوَايَ إِنَّهُ لَا يُفْلِحُ الظَّالِمُونَ
«Юсуф тұрған үйдің әйелі оның көңілін өзіне тартпақшы болды да есіктерді бекітіп: «Бері кел!» – деді. Юсуф: «Аллаға сыйынамын. Ол (сенің ерің) қожайыным, маған пана болып, жақсылық жасады. Шынында залымдар құтылмайды», – деді», – деген («Юсуф» сүресі, 23-аят).
- Көзді күнәдан сақтау
Көз – адамның ішкі әлемін көрсететін айна сияқты. Сол айна арқылы жүрекке кіріп келген арам ойлар мен лас сезімдер жанға ауыртпалық әкеледі. Көзін арамға салмау арқылы адам өзін ұстай білуді, ішкі тыныштыққа қол жеткізуді үйренеді.
Алла Тағала қасиетті Құранда:
قُل لِّلْمُؤْمِنِينَ يَغُضُّوا مِنْ أَبْصَارِهِمْ وَيَحْفَظُوا فُرُوجَهُمْ ذَلِكَ أَزْكَى لَهُمْ إِنَّ اللَّهَ خَبِيرٌ بِمَا يَصْنَعُونَ
«(Уа, Мұхаммед!) Мүмін ер кісілерге айт: арамға көз салмасын. Сондай-ақ ұятты жерлерін (зинадан) сақтасын. Сол оларға әлдеқайда лайықты. Шүбәсіз, Алла олардың не істеп, не қойып жүргенінен толық хабардар», – деген («Нұр» сүресі, 30-аят).
- Өзгенің мүлкіне қызықпау
Ислам діні адамды тек құлшылық жасауға ғана емес, ең әуелі жүректі тазартуға, ниетті түзетуге, қанағатшыл әрі сабырлы болмысқа тәрбиелейді. Сол асыл қасиеттердің ең маңыздыларының бірі – өзгенің қолындағысына көз тікпей, қызғаныш пен ашкөздіктен бойды аулақ ұстау.
Мұсылман адам өзгелердің алдында өзін жалынышты көрсетпейді, қызғаныш пен ашкөздіктен аулақ жүреді. Оның болмысы – сабыр мен әділдікке, ар мен намысқа құрылған, ал істері – адалдықпен, ізгілікпен көрінеді. Осындай ұстамдылық жайында Алла Тағала қасиетті Құранда:
لِلْفُقَرَاءِ الَّذِينَ أُحْصِرُوا فِي سَبِيلِ اللَّهِ لَا يَسْتَطِيعُونَ ضَرْبًا فِي الْأَرْضِ يَحْسَبُهُمُ الْجَاهِلُ أَغْنِيَاءَ مِنَ التَّعَفُّفِ تَعْرِفُهُم بِسِيمَاهُمْ لَا يَسْأَلُونَ النَّاسَ إِلْحَافًا وَمَا تُنفِقُوا مِنْ خَيْرٍ فَإِنَّ اللَّهَ بِهِ عَلِيمٌ
«(Садақаны) Өзін Алла жолына басыбайлы бағыштаған кедейлерге беріңдер. Олардың ар-намысы мен ұстамдылығына қарап, жағдайынан бейхабар адам оларды бақуатты деп ойлап қалуы мүмкін. (Уа, Мұхаммед!) Алайда сен оларды ибалы жүздерінен-ақ танисың. Олар елден еш нәрсе сұрамайды. Игі жолда қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де, Алла оны біледі», – деген («Бақара» сүресі, 273-аят).
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
مَنْ تَكَفَّلَ لِي أَن لا يسْأَلَ النَّاسَ شَيْئًا، وَأَتَكَفَّلُ لَهُ بالجَنَّة؟ فقلتُ: أَنا، فَكَانَ لا يسْأَلُ أَحَدًا شَيْئًا
«Адамдардан ешнәрсе сұрамайтынына кім маған кепілдік бере алса, Мен де ол адамның жәннатқа кіретініне кепілдік беремін» – деп сұрайды. Сонда мен (Сәубан): «Мен!» – дедім. Кейін оның расында да ешкімнен ешнәрсе сұрамағаны айтылады, – делінген (имам Әбу Дәуіт).
Өзгенің қолындағысына қызығып, одан тілену бұрыс әрекет. Себебі әрбір адамның ризық-несібесін Алла Тағала бекітіп қойған. Жаратушы Жаббар Иеміз қасиетті Құранда:
وَمَا مِن دَابَّةٍ فِي الْأَرْضِ إِلَّا عَلَى اللَّهِ رِزْقُهَا...
«Жер-жаһанда ризығы Алладан келмейтін бірде-бір қыбырлаған тіршілік иесі жоқ...», – деген («Худ» сүресі, 6-аят).
Демек, әрбір адам өзінің ризығына қанағат етуі тиіс. Қанағат ету – қолымыздағы барға разы болу, шүкіршілік ету, сондай-ақ нәпсі қалауларынан тыйылу, шыдау деген сөз. Хакім Абай атамыз қанағатты бес асыл іске жатқызып:
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой:
Бес асыл іс, көнсеңіз, – деп жазған.
Сол себепті де шынайы еркіндік пен бақыт – өзгенің нығметі мен байлығына қызықпай, өз өміріңнің мәнін табу, ризашылық пен сабырды серік етуден басталады.
Сондықтан өзгенің мүлкіне қызығып, ашкөздік таныту – жүректің рухани дерті, ол адам бойындағы жиренішті қасиеттердің бірі. Одан сақтану үшін оның не екенін жақсы түсінуіміз керек, сонымен қоса оның өзегін, қалай пайда болатынын білуіміз керек. Ашкөздік дегеніміз – өзінде барды аз көріп, мал-мүлікті, дүниені қатты қалай беру. Ол басқаның қолындағыға қызығып қарау, өзіне тиесілі еместі талап ету секілді көптеген жаман қасиеттерге себеп болады.
Абдулла ибн Омардан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ашкөздіктен сақтаныңдар! Өйткенi ашкөздік сендерден бұрынғыларды опат еткен. Ашкөздік оларға сараң болуды бұйырғанда, олар сараңдыққа ұрынды. Бұзақылыққа бұйырғанда, бұзақы болды. Туыс-бауырмен қатынасты үзудi бұйырғанда, олармен қатынасты үздi», – деп, бұл дерттің басқа дерттерді қоздырушы екеніне ишарат еткен.
Сонымен қатар ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің бір хадисінде:
ليسَ الغِنَى عن كَثْرَةِ العَرَضِ، ولَكِنَّ الغِنَى غِنَى النَّفْسِ
«Байлық – дүниенің көптігінде емес, шынайы байлық – көңілдің байлығында», – деген.
Қисса
Ертеде бір елде адалдықты ту еткен екі адам өмір сүріпті. Бірі – жер иесі, бірі – нәсібін еңбекпен іздеген сатып алушы. Күндердің күнінде екінші кісі бірінші кісіден бір телім жер сатып алады. Саудасы әділ, келісімі таза болып, екеуі де разы күйде тарасады.
Уақыт өте жаңа иесі жерді қазып, өңдеп жүріп, топырақ астынан бір құмыра тауып алады. Құмыраның аузын ашса – көз қарықтырар алтын! Бірақ жүрегі алтынға емес, ақиқатқа бай еді. Ол дереу жердің бұрынғы иесіне барып:
– Мұны ал, бұл сенің алтының. Мен сенен жерді ғана сатып алдым, алтынды сатып алған жоқпын, – дейді.
Ал жерді сатқан адам да дүниеге қызықпаған жан екен. Ол сабырмен:
– Мен саған жерді саттым, ал жердің ішіндегі бар нәрсе сонымен бірге сенің меншігіңе өтті, – деп жауап береді.
Екеуі де алтынға емес, әділдік пен адалдыққа берік болып, бір-бірінен асып түспей, ұстамдылық танытты. Ақыры бір дана адамға жүгінуге келіседі. Ол олардың әңгімесін тыңдап, ойлана қарап, былай деп сұрайды:
– Сендердің балаларың бар ма?
– Менің ұлым бар, – дейді бірі.
– Ал менің қызым бар, – деді екіншісі.
Сонда дана кісі:
– Ендеше, бұл алтын – сендердің адалдықтарың мен ұстамдылықтарыңның жемісі. Ұл мен қызды некелестіріңдер. Алтынды өздеріңе қажетті нәрсеге жұмсаңдар және оның бір бөлігін мұқтаждарға садақа етіп беріңдер, – дейді.
Расында да әлгі екі кісі солай істейді. Алтын екі жүректің тазалығы мен ұстамдылығы арқылы бір шаңыраққа береке, қоғамға қайыр болып тарайды. Ал ең қымбат қазына – алтын емес, адалдық пен нәпсіні бағындыру екені сол күні тағы да айқындалды.
Үшінші: ұстамдылықты қалыптастыру жолдары
- Алла Тағаланың жария және жасырын істің барлығын бақылаушы, әрі білуші екендігін есте ұстау.
Адам өміріндегі ең маңызды тіректердің бірі – жүрек тазалығы мен ниеттің дұрыс болуы. Сол себепті әрбір ісімізді Алла көретінін, білетінін ұмытпауымыз тиіс. Алла Тағала жария да жасырын істің барлығын бақылаушы екенін есте сақтау арқылы адам әрбір қадамын ойланып, әрбір сөзін мұқият айтады, өйткені шын мәнінде, біз жасырған нәрсені де, ашық істеген ісімізді де Алла анық біледі. Бұл түсінік жүректі тазалыққа, ниетті шынайылыққа жетелейді. Алла Тағала қасиетті Құранда:
يَعْلَمُ خَائِنَةَ الْأَعْيُنِ وَمَا تُخْفِي الصُّدُورُ
«Алла көздердің қиянатын және көкіректердегі құпияны біледі», – деген («Ғафир» сүресі, 19-аят).
- Алладан күнәлі істерден сақтауын тілеп, дұға ету.
Құранда Алла Тағала Юсуф пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын):
قَالَ رَبِّ السِّجْنُ أَحَبُّ إِلَيَّ مِمَّا يَدْعُونَنِي إِلَيْهِ وَإِلَّا تَصْرِفْ عَنِّي كَيْدَهُنَّ أَصْبُ إِلَيْهِنَّ وَأَكُن مِّنَ الْجَاهِلِينَ فَاسْتَجَابَ لَهُ رَبُّهُ فَصَرَفَ عَنْهُ كَيْدَهُنَّ إِنَّهُ هُوَ السَّمِيعُ الْعَلِيمُ
«Раббым! Бұлардың, мені істеуге шақырған істерінен маған зындан сүйкімдірек. Егер бұл әйелдердің айласын менен бұрмасаң, оларға бейімделіп, надандардан боламын», – деп тіледі. Сонда Раббысы тілегін қабыл етіп, одан әйелдердің айласын тойтарды», – деп дұға еткенін және Алланың оның тілегін қалай қабыл еткенін мысал етеді.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дұғасында:
اللَّهُمَّ إِنِّي أَسْأَلُكَ الهُدَى وَالتُّقَى وَالعَفافَ وَالغِنَى
«Уа, Аллам! Расында, мен Өзіңнен тура жолыңды, тақуалықты, ұстамдылықты және ешкімге мұқтаждық қылмауыңды сұраймын», – деп айтатын (имам Мүслим).
- Балаларды жастайынан имандылыққа тәрбиелеу
Бала тәрбиесі ешқашан салғырт қарауды көтермейтін, аса бір күрделі де маңызды іс. Адамды адамдық қалыпқа келтіретін де, аздырып, тоздыратын да тәрбие жұмысы. Балаға жас кезінде әсер ететін құбылыстар әртүрлі болғанымен оларды тәрбиелеуші әрине ата-ана. «Ұрпақ тәрбиелі болса, сол ұлттың болашағы да жарқын болмақ» демекші, «Баланы жастан» деп халқымыз бала тәрбиесін әріден бастау керектігін де айтқан. Алла Тағала Құран Кәрімде:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا قُوا أَنفُسَكُمْ وَأَهْلِيكُمْ نَاراً
«Уа, мүміндер! Өздеріңді және үй-іштеріңді (жанұяларыңды) тозақ отынан қорғаңдар!» – деген («Тахрим» сүресі, 6-аят).
Мағжан Жұмабаев бала тәрбиесінің маңыздылығы турасында: «Жас бала – жас бір шыбық, жас күнінде қай күйде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ», – деген. Ендеше, ұрпағымыз үшін алаңдап, тәлім-тәрбиеге терең мән бергеніміз жөн.
Құрметті жамағат!
Ұстамдылық – адамның рухани кемелдену жолы. Ол нәпсіні тәртіпке салып, жүректі тазалыққа, мінезді көркемдікке жетелейді. Ұстамдылықты өмірлік ұстаным еткен жан ар-намысын қорғайды, иманын күшейтеді әрі қоғамда ізгілік пен сенімнің үлгісіне айналады. Өзін тежей білген адам ғана шынайы еркін болып, Алланың разылығына жетеді.
Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَلْيَسْتَعْفِفِ الَّذِينَ لَا يَجِدُونَ نِكَاحًا حَتَّىٰ يُغْنِيَهُمُ اللَّهُ مِن فَضْلِهِ
«Қолының қысқалығынан үйлене алмағандар, Алла өзінің шексіз шарапатымен оларды қамтамасыз еткенге дейін ұстамдылық танытсын», – деген («Нұр» сүресі 33-аят).
Әйгілі ғалым Ибн Касир (Алла оны рақымына алсын) өзінің тәпсірінде: «Бұл – Алла Тағаладан некеге тұруға мүмкіндігі жоқ адамға харамнан сақтанып, ұстамды болуы жөніндегі бұйрық», – деп айтқан.
Көптеген ғалымдар да: «Ұстамдылық деген – нәпсіні шәһуатты жеңе алатын жағдайға жеткізу», – деп айтқан екен.
Сондықтан ұстамдылық – мұсылманның бүкіл ғұмырына бағыт-бағдар беретін асыл құндылық. Жаратқан Алла біздерге де ұстамдылықты жанына жолдас еткен пенделердің қатарында болуды нәсіп етсін.





































