21 Сафар
«Ел үлесі пәтерге»: 850-ші баспана Ақтөбе облысында мүмкіндігі шектеулі отбасыға табысталды 4702

«Ел үлесі пәтерге»: 850-ші баспана Ақтөбе облысында мүмкіндігі шектеулі отбасыға табысталды

27 July 2025 69 Оқу 1 минут

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен, Ақтөбе облысы өкілдігінің қолдауымен «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында республика бойынша 850-ші баспана Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында мүмкіндігі шектеулі отбасыға табысталды. 

Аудандық мешіт жанашырының қолдауымен берілген 3 бөлмелі пәтер ерекше баланың анасы Туксубаева Гүлжанға берілді.

Бас мүфтидің тікелей бастамасымен жүзеге асырылған игі шараның басты мақсаты — әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды қолдау, ел ішіндегі қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру және қоғамның ортақ ізгі іске жұмылуына ықпал ету. Сонымен қатар бұл бастама арқылы Ислам дінінің бауырмалдық, мейірімділік сынды асыл құндылықтарын насихаттау.

Шалқар ауданының бас имамы Абзал Медетбеков күндердің сұлтаны жұмада мешітке жиналған жамағатқа «Шариғаттағы бес аманат» тақырыбында жұма уағызын айтып, пәтер кілтін Шалқар ауданының тұрғыны Туксубаева Гүлжанға табыстап, пәтер иесін құттықтады.

Өз кезегінде пәтерге ие болған аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі 1-ші топтағы баланы тәрбиелеп отырған Гүлжан Сегізбайқызы «Ел үлесі пәтерге» жобасын ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Одан кейін жамағатпен жұма намазы оқылып, ел тыныштығы мен бірлігі үшін дұға жасалды.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі