Сұрақ: Әссәләәму алейкум!

Айдың бөлінуі жайлы сұрамақшы едім. Алла елшісі () заманында ай екіге бөлініп, бір бөлігі Сафа жотасы тарапында, бір бөлігі Маруа жотасында болды деген рас па?

 

Жауап: Уа алейкум ассалам!

Айдың екіге бөліну оқиғасы – пайғамбарымыздың () мұғжизаларының бірі. Мұғжиза – табиғи заңдылыққа түбегейлі бағынбайтын ерекше құбылыс. Мұғжиза пайғамбардың Алла елшісі екенін дәлелдейтін құбылыс. Мұғзижа мен кереметтің айырмашылығы да осында. Пайғамбарлар өзіне берілген мұғжизаны халыққа көрсетуге міндетті. Ал, әулиелер керісінше кереметін жұртқа жарияламайды.

Әнас бин Малик (р.а.) риуаят етеді: «Мекке тұрғындары Алла елшісінен () (пайғамбар екенін дәлелдейтін) бір белгі көрсетуін талап етеді. Сонда оларға айдың бөлінгенін көрсетті[1]», - дейді. Құртуби тәпсірінде: «Мүшриктер пайғамбарға (): «Егер айтқаның шындық болса бізге айды екіге бөліп көрсет», - дейді. Пайғамбар (): «Егер солай етсем, иман етесіңдер ме?», - дейді. Олар: «Иә», - десті. Ол түні ай жарық еді (ай толған болатын). Сонда Алла елшісі () Раббысынан жұрттың талап еткенін беруді сұрады да, ай екіге бөлінді[2]», - делінген.

Абдулла бин Масғұд (р.а.): «Алла елшісі () дәуірінде ай екіге бөлінді, пайғамбар () оларға: «Куә болыңдар[3]», -деді», - деп риуаят етеді. Оның бір бөлігі Сафа жотасы тарапында, бір бөлігі Маруа жотасында көрінді. Тәпсіршілердің басым көпшілігі Құран Кәрімдегі «Қиямет жақындады, ай жарылды[4]» деген аят сол мұғжизаға ишарат дейді.

 

Дайындаған: nurgasyr.kz

 


[1]Бұхари, 4/206

[2]Құртуби тәпсірі, 17/127

[3]Бұхари

[4]«Қамар» сүресі, 1-аят

2018-10-03
72

Добавить комментарий