Еліміздің кейбір аймақтарында қайтыс болған жақындарына арнап Ораза айты мен Құрбан айттан бұрын мал сойып,  туған-туыс немесе ауыл қарияларын асқа шақырады.  Бұны бізде «шек беру» (немесе шектік) дейді. Шектікте қайтыс болған кісілердің аты аталып, әруақтарына құран бағышталады.

       Өлген кісіге сауап болсын деген мақсатпен мал сойып,  құрбан шалу шариғатта да бар. Бұған дәлел, Әбу Дәуідте келген бір хадисте Әзірет Али Пайғамбарымыздың да рухына арнап бөлек бір қошқарды құрбанға шалғаны айтылады.  Сондықтан шек беріп, сауабын өлген кісіге бағыштау шариғатқа теріс емес.

    Дегенмен, қазіргі кезде құрбан айтынан бір күн бұрын мал сойып, шек беріп, айт күні құрбан шалмайтындар да бар.

     Шариғат бойынша, сойылған мал «уәжіп құрбандық» боп есептелуі үшін Құрбан айт намазы басталған уақыт пен айттың үшінші күнгі ақшам намазы аралығында шалынуы керек. Бухари риуаят етілген хадисте: «Кімде-кім айт намазынан бұрын құрбан шалған болса, құрбаның қайта шалсын!», – делінген. 

     Ендеше, арапада шек (шектік) беру мақсатында мал сойған кісі тұрмысы төмен болса,  Құрбан айты келгенде қайта құрбан шалуының қажеті жоқ. Ал, бақуатты кісі айт күнінде қайта «уәжіп құрбан» шалуы тиіс. Арапа күні шек (шектік) беру мақсатында сойған малы нәпіл құрбаны санатына кіреді. 

Дереккөз: islam.kz

2018-08-10
579

Добавить комментарий