Сұрақ: Әссәләәму алейкум

Соңғы кезде жел көп болып жатыр. Үйлердің шатырын құлатып, ағаштар сынып, тағы да басқа жағдайлар болып жатыр. Ауа райын болжау орталығынан да ескерту смс-хабарламалар көптеп келеді. Жалпы, жел тұрғанда арнайы оқитын дұға бар ма?

 

     Жауап: Уа алейкум ассалам!

Дауылға қатысты Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Мен Алла елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Жел (дауыл) – Алла Тағаланың мейірімі. (Жел) рақымет алып келеді, (кейде) азап алып келеді. Желді көретін болсаңдар тіл тигізбеңдер. Алла Тағаладан желдің жақсылығын тілеңдер және Алла Тағаладан желдің жамандығынан пана сұраңдар», - деп айтқанын естідім[1][1]», - деп риуаят етеді.

Имам Шафиғи: «Желді балағаттауға болмайды. Себебі, жел Алла Тағаланың жаратқаны және Оған бойұсынады (әмірімен болады). Әрі Алланың әскері, қаласа жақсылық боп келеді, қаласа жамандық боп[1][2]»,-деген.

Ибн Аббас (р.а.) бұған қатысты:

لاَ تَلْعَنُوا الرِّيحَ فَإِنَّهَا مَأْمُورَةٌ ، وَإِنَّهُ مَنْ لَعَنَ شَيْئًا لَيْسَ لَهُ بِأَهْلٍ رَجَعَتِ اللَّعْنَةُ عَلَيْهِ

«Пайғамбардың (с.ғ.с.) қасында тұрған кісілердің бірі желді қарғап лағынет айтты. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): «Желге тіл тигізбеңдер. Себебі, желге (Алла Тағала тарапынан) бұйрық беріліп тұр. Кімде-кім тиесілі болмағанға лағынет айтса, ол қарғыс өзіне кері қайтады[1][3]», - деген.

Ал енді жел немесе дауыл тұрғанда айтылатын дұғаға қатысты Айша анамыз (р.а.) былай дейді: «Егер жел тұратын болса Пайғамбар (с.ғ.с.):

اللَّهُمَّ إِني أَسْأَلُكَ خَيْرَهَا ، وَخَيْرِ مَا فِيهَا ، وخَيْر ما أُرسِلَتْ بِهِ ، وَأَعُوذُ بك مِنْ شَرِّها ، وَشَرِّ ما فِيها ، وَشَرِّ ما أُرسِلَت بِهِ

«Уа, Алла! Сенен желдің жақсылығын, жел алып келетін жақсылықты және желдің жіберілуіндегі жақсылықты сұраймын. Әрі желдің жамандығынан, жел алып келетін жамандықтан және желдің жіберілуіндегі жамандықтан пана тілеймін», - деп дұға етуші еді[1][4]», - дейді.

Жалпы, жел мен дауыл – табиғаттың ғажайып құбылысы. Желдің көптеген пайдасы бар. Жел арқылы электр қуаты өндіріледі. Ағаштар мен өсімдіктердің тозаңдануына көмектеседі және т.б. Сонымен қатар, дауылдың салдары да болады. Міне, сондықтан зияны тимеу үшін жоғарыдағы дұғаны оқуға кеңес беріледі.

Дайындаған: nurgasyr.kz


[1][1]Әбу Дауд

[1][2]Шафиғи, «әл-Умм» кітабынан

[1][3]Тирмизи

[1][4]Муслим

2018-06-14
462

Добавить комментарий