Сұрақ: Әссәләәму алейкум!

Әдетте жаңа қонысқа кірген кезде алыс-жақын ағайын мен жора-жолдасты шақырып тойлап жатамыз. Осы жайлы білгім келеді. Әрине, бұл шариғатқа қайшы емес деп ойлаймын. Десе де, мәлімет бере кетсеңіздер.

 

Жауап: Уа алейкум ассалам!

Ардақты пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) ер азаматты бақытты ететін үш нәрсе деп ізгі әйелді, жақсы көлік және жақсы үйді атап кеткен. Ер азаматтың отағасы ретіндегі міндеттерінің бірі – бала-шағасын шама-шарқына қарай баспанамен қамтамасыз ету. Мүмкіндігі жетсе сатып алып, болмаса жалдап беруі қажет.

Ал, енді сауалдың өзіне келсек, әл-Азһар ғұламаларының бірі Сүлейман бин Омар бин Мансұр (1204һ.ж./1790жж. қайтыс болған) той және жиын туралы мынадай дерек айтқан: «Жалпы дастарханның саны он. Олар: Неке қию кезінде – ұзату тойы, келіншекті алып келу – үйлену тойы, әйел босанғандағы – қалжа, жаңа туылған перзентке - шілдехана, сүндетке отырғызғанда – сүндет той, Құран жаттағанда жасалатын той, үй салғанда – қоныс той, ұзақ сапардан оралған кісінің құрметіне жайылатын дастарқан. Бұл дастарқанды сапардан оралған кісінің өзі немесе ағайын-туысы, болмаса жора-жолдасы жаяды. Қайғы-қасірет кезінде жайлатын дастарқан. Ең соңғысы – әдептілік ретінде қонақ шақыру[1]». Байқап қарасаңыз, жоғарыда айтылған жайттардың барлығы дерлік біздің ата салтымызда кездеседі. Сіз айтқан қоныс тойы да соның қатарында.

Қазақ – қонақжайлығымен ерекшеленетін халық. Десе де, дастархан жайып, қонақ шақырып тойлау барысында ысырапшылдық, әдепсіз қылықтар сияқты шариғат қағидаларына және ата салтымызға қайшы әрекеттерге қатаң тыйым салынады. Осыны ескерген жөн.

Дайындаған: nurgasyr.kz

 


[1] Хашият ъалә шарх Минһаж, 4/271

2018-01-29
567

Добавить комментарий