Сұрақ: Әссәләәму алейкум!

Дастархан басында ішіп отырған асын шалпылдатып шайнап, бейәдеп қылық танытқандарды көргенде өзім қатты ыңғайсызданамын. Тіпті, аузына ас толтырып сөйлейтіндер де бар. Бұл еріксіз адамның тәбетін қашырады. Осы жөнінде шариғатта не айтылған?

 

Жауап: Уа алейкум ассалам!

Ислам шариғаты адам өмірінің барлық саласын түгел қамтитын және кез келген жағдайға жауап беретін кемел шариғат. Ислам ілімі сенім негіздерінен бастап, құлшылық қағидаларын және жүріс-тұрыс әдептерін толықтай қамтиды. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Анығында, Алла Тағала мені көркем мінездерді толықтыруға және жақсы амалдарды кемелдендіруге жіберді[1]», - деген.

Шариғат ерекше көңіл бөлген әдеп тақырыптарының бірі – тамақтану және сусын ішу әдебі. Тіпті, хадис ғалымдары бұл тақырыпты арнайы кітап етіп жазған. Мәселен, Ахмад бин Ханбалдың «Ашрубат» (Сусындар) еңбегі және Дарамидің «Атғымат» (Тағамдар) кітабы. Фиқһ ғалымдары да өз еңбектерінде тағам мен сусын мәселесіне арнайы тарау ажыратқан. Мәселен, Әбу Баракат Ғұззидің «Әдаб муакалат» (Тамақтану әдебі) кітабы. Бұл кітапта тамақтану барысында кездесетін 81 айыпты әрекеттерді жазған.

Фиқһ ғалымдары жалпы әдепке және жоғары талғамға жат болған амалдардың бірі тамақты шайнау немесе сусын ішу барысында дауыс шығаруды айтқан. Бұған байланысты хадисте: «Ішкенде түйе секілді бір деммен ішпеңдер. Екі-екі, үш-үш бөліп ішіңдер. Ішкен кезде «бисмилланы» айтыңдар, болғанда «әлхамдулиллаһ» деңдер[2]», - делінген. Сондай-ақ: «Сендер (сусын) ішетін болсаңдар сіміріп ішіңдер, көп мөлшерде жұтпаңдар. Бауырдың ауруы көп жұтудан[3]», - деп айтылған. Міне бұл хадистерде тамақтану және сусын ішу барысында жануарлар сияқты шайнау немесе су ішудің әдепке жат екендігі, одан қала берсе денсаулыққа зиян екендігі айтылуда.

Түйіндей айтқанда, дастарханда дауыс шығарып шайнау яки болмаса дауыстап жұтыну тамақтану әдебіне сай еместігін ескеру керек.

Дайындаған: www.nurgasyr.kz

 

 


[1]Табарани

[2]Тирмизи

[3]Байһақи

2018-01-24
1158

Добавить комментарий