Сұрақ: Әссәләму алейкум!

Жұмыстан белгіленген уақытынан бұрын, яғни ерте кету күнә боп есептеледі ме? Мәселен, жеке шаруаларымды бітіріп алу үшін.

Жауап: Уа алейкум ассалам!

Жұмыс – аманат. Адам өзіне сеніп тапсырылған аманатты толық орындауға міндетті. Әйтпеген жағдайда, қиянат еткен болады. Құран Кәрімде: «Ақиқатында, Алла Тағала сендерге аманаттарды өз лайықты орнына тапсыруларыңды әмір етеді...[1]», - деп әмір етілген. Сонымен бірге, Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Сіздер әрбіріңіз – бақылаушысыз. Әрқайсысың өз қарамағындағыға жауапты...[2]», - деп айтқан.

Қызметкер немесе жұмысшы өзінің жұмысына жауапты. Тіпті, қиямет күні де сол жұмысының есебін береді. Сондықтан, белгіленген ресми уақыттан алдын ешбір себепсіз және тікелей басшылықтың рұқсатынсыз жұмыстан кетіп қалу аманатқа қиянат боп есептеледі. Бұл шариғатқа қайшы. Бұған қоса, екіжүзді адам бойындағы үш белгінің бірі – аманатқа қиянат ету.

Түйіндей айтқанда, арнайы бекітілген уақыт жұмыстың нәтижесі мен сапасына әсер ететіндігін назарға алсақ, жұмысқа келіп-кету уақытына жауапкершілікпен қарау – сізге сеніп тапсырылған міндеттемелерге деген аманатты орындаудың бір түрі боп табылады. Ал, бұл - «Олар, аманаттарын, уәделерін қорғаушы[3]» деп әмір етілгендей, мұсылманның басты белгілерінің бірі.

 

Дайындаған: nurgasyr.kz

 


[1]Ниса сүресі, 58-аят

[2]Бұхари

[3]Муминун сүресі, 8-аят

2017-12-04
593

Добавить комментарий