Сұрақ: Әссәләәму алейкум!

Үйленіп, шаңырақ көтерген жастарды қалай құттықтаған жөн? Шариғатта арнайы бір үлгісі бар ма?

 

Жауап: Уа алейкум ассалам!

Жас жұбайларды құттықтау – сүннет, ең жақсы іс. Құттықтау – ізгі ниет пен жақсы пейілді білдіру. Әнас (Алла оған разы болсын) былай риуаят етеді: «Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) Абдрахман бин Ауфтың үстінен сары түстің белгісін байқап: Мынау не? - деп сұрады. Ол: "Бұрыш салмағындай алтын (маһрін беріп) үйлендім", - деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла берекетті етсін. Бір қоймен болса да той жаса[1]», - деді.

Имам Науауи: «Неке қидырған жас жұбайларға тілек айту – сүннет. Оларға: «Бәрака Аллаһу ләкә, уә бәрака ъалейка уә жамаъа бәйнакумә фи хайр», - деп айтылады[2]», - дейді. Бұл тілектің мағынасы: «Алла құтты етсін! Әрі саған құт болсын! Жақсылықта жұптарың жазылмасын!».

Мишкат Масабих кітабына жазылған түсіндірмеде жоғарыдағы дұғаны былайша түсіндіреді: «Алла құтты етсін дегені: көтерген шаңырағың құтты да ұзағынан болғай. Әрі саған құт болсын дегені: ұрпағыңмен қоса жақсылық, мейірімділік, ризық-несібе және берекет бірге келуімен құт болсын. Жақсылықта жұптарың жазылмасын дегені: құлшылық, денсаулық, бас амандығы, арадағы сүйіспеншілік және бала-шағаның көп болуы сияқты жақсылықта жұптарың жазылмасын».

Сонымен бірге, ел арасындағы «Құсың құтты болсын!» және «Орамалың құтты болсын!» деген сияқты құттықтаулар бар.

 

Дайындаған: nurgasyr.kz

 


[1]Бұхари

[2]Науауи «Раудат Толибин уә ъумдат муфтин»

2017-11-15
432

Добавить комментарий