Сұрақ: Әссәләму алейкум!

Адамның жанын өлім періштесі алады деп жатады. Алайда, бір мезгілде қаншама адам ажал құшады. Сонда, солардың жанын бір уақытта алады ма? Бұл жайлы не айтылған?

 

Жауап: Уа алейкум ассалам!

Құран Кәрімде: «Алла сендерді жаратты. Кейін жандарыңды алады...[1]», - деп әмір етілгеніндей, шындығында, адам баласының жанын алушы – Алла Тағала. Алайда, Алланың бұл бұйрығын арнайы жан алушы өлім періштесі орындайды. Ол туралы: «Мұхаммед, оларға: «Жандарыңды сендерге бекітілген өлім періштесі алады. Одан кейін сендер өздеріңнің Раббыңа қайтарыласың»,-деп айт[2]», - деген аят бар.

Сондай-ақ, Мұжаһидтің: «Жер бетінде жүннен немесе балшықтан жасалған кез-келген үйге өлім періштесі күніне екі рет бас сұғады[3]», - деген риуаяты бар. Сонымен бірге, Алла Тағала өлім періштесіне көмекшілер жаратқан, бұл жөнінде Құранда: «...Қашан біреуіңе өлім келген кезде елшілеріміз оның жанын еш кемшілік жібермей алады[4]», - деп баян етілген.

Демек, өлім періштесінің жан алушы көмекшілері бар. Жоғарыдағы аяттағы «елшілеріміз» сөзін Ибн Аббас (р.а.): «Өлім періштесінің жәрдемші періштелері», - деп түсіндірген. Ал, Ибраһим Нахағи: «Көмекші періштелер адамның жанын алады, ал олардан өлім періштесі алады», - деп тәпсірлеген.

Дайындаған: nurgasyr.kz

 


[1]Нахл сүресі, 70-аят

[2]Сәжде сүресі, 11-аят

[3]Ахмед

[4]Анғам сүресі, 61-аят

2017-08-15
865

Добавить комментарий