Сұрақ: Әссәләму алейкум!

Нұх және Лұт пайғамбарлардың (ғ.с.) әйелдері қиянат жасаған ба? Ол қиянат ойнастықты білдіреді ме?

 

Жауап: Уа алейкум ассалам!

Құран Кәрімде: «Алла Нұхтың әйелі мен Лұттың әйелін кәпірлерге мысал етті. Ол екеуі Біздің құлдарымыздан екі ізгі құлдың некесінде еді. Ол екеуі оларға қиянат жасады...[1]», - деген аят бар. Аталмыш аятта Нұх пен Лұттың (ғ.с.) әйелдері Аллаға қарсы шыққандықтан, пайғамбарлардың жұбайы болса да, олардың азаптан құтқармайтындығы айтылуда. Олардың қиянаты – дінге қиянат. Себебі, Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) туған-туыстарына: «Қиямет күні жұрт амалдарымен келіп тұрғанда, сендер туыстықпен келіп тұрмаңдар[2]», - деу арқылы пайғамбардың жұбайы, отбасы немесе туысы болуы оларды Қияметте құтқарады деген ойға алданып қалудан сақтандырған, мұндай туыстықтың өзі адамға араша болмайтындығын айтқан. Тіпті, қызы Фатимаға (р.а.): «Ей, Мұхаммедтің қызы Фатима! Менің дүниемнен нені қаласаң сұра. Алайда, Алла құзырында саған жәрдем ете алмаймын[3]», - дегені соны аңғартады.

Кейбір тәпсіршілер Нұх және Лұт (ғ.с.) жұбайлары жайлы «Олар кәпір болатын» десе, бағзы Құран түсіндірушілері: «Олар күнәһар еді» дейді. Себебі, Нұхтың (ғ.с.) әйелі күйеуі жайлы: «Ол – жынды» дейтін, ал Лұттың (ғ.с.) әйелі үйге келген қонақтар жайлы елге жайып салатын. Ел арасында ерлі-зайыптылар жайлы сөз қозғалып, қиянат етті десе, бұл зина, ойнастық жасау деген мағынаны білдіретіні мәлім. Алайда, «ол екі әйелдің қиянаты – сөз тасу, өсек еді», - делінген. Ибн Аббастың (р.а.): «Ешбір пайғамбардың жұбайы қиянат (ойнастық) жасамаған[4]», - деген сөзі тағы бар.

Дайындаған: nurgasyr.kz

 


[1]Тахрим сүресі, 10-аят

[2] Тафсир Байдауи

[3] Бұхари, Муслим

[4] Табари

2017-08-07
305

Добавить комментарий