Сұрақ: Әссәләму алейкум. Біздің пайғамбар (с.ғ.с.) Құран Кәрімде сауатсыз деп аталған. Оның мағынасын қалай түсінген дұрыс?

Жауап: Уа алейкум ассалам!

Расында, Құран Кәрімде пайғамбарымызды (с.ғ.с.): «Олар оқу-жазу білмеген Пайғамбарға, өздеріндегі Тәурат пен Інжілде ол туралы жазылғанын табатын Елшіге ереді...[1]», - деп атаған. Аятта «Умми» деп, яғни оқу-жазуды білмейтін, сөзбе-сөз сауатсыз деп атаған. Себебі, ол жазуды және оқуды білмеген. Ал енді бір аятта: «Ол сауатсыздарға өздерінің арасынан Елші жіберді...[2]», - деп баяндалған. Бұған қатысты Абдулла бин Омар (р.а.) пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Біз – сауатсыз халықпыз. Жаза алмаймыз және есептей алмаймыз[3]», - деген сөзін естіген. Демек, сол дәуірдегі басым араб халқы жазу және оқуды білмейтін сауатсыз болған.

Алайда, бұл сипат пайғамбарымызға (с.ғ.с.) қатысты кемшілік емес, керісінше артықшылық болып табылады. Қала берсе, пайғамбарымызға (с.ғ.с.) берілген мұғжизалардың бірі боп есептеледі. Өйткені, шешен адам жұрт алдында сөйлеген сөзін қайта айтуы керек болса, сөзіне сөз қосып немесе кемітіп айтатыны белгілі. Алайда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жазуды және оқуды білмесе де, Құран Кәрімде «Біз саған Құранды оқытамыз, сен есіңнен шығармайсың[4]» деп айтылғандай, оқыған аяттарын қаз қалпында қайталай беретін. Оған қоса егер ол оқу-жазуды білсе, Құранды әуелгілер кітабынан алған дер еді. Ғажайып аяттары бар Құранды көне кітаптардан көшіріп алған деген жала жабылары ақиқат. Тарихта ондай жала жабу әрекеті болған да. Құран Кәрімдегі: «Сен бұған дейін ешқандай жазбаны оқыған жоқсың және оны қолыңмен жазған жоқсың. Олай болғанда өтірік санаушылар күмәнданған болар еді[5]», - деген аят соны аңғартады.

Демек, сауатсыздық – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір мұғжизасы. Шариғи тұрғыда бұл қасиетті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кемшілігі деп қарау қателік.

Дайындаған: nurgasyr.kz

 


[1] «Ағраф» сүресі, 157-аят

[2] «Жұма» сүресі, 2-аят

[3] Бұхари, Муслим

[4] «Әғлә» сүресі, 6-аят

[5] «Ғанкабут» сүресі, 48-аят

2017-07-31
156

Добавить комментарий