Мұсылмандарды айқын жеңіспен сүйіншілеген «Фәтх» сүресі мұсылмандар мен мүшріктер арасында жасалған «Худайбия» келісіміне қатысты түсірілді. Алайда, ұлы жеңіске жету үшін мұсылмандардың әуелі «жеңілуіне» тура келді. Оқиғаның қайырлы хикметі де осында болатын.

Хижраның 6 жылы. Пайғамбар (с.ғ.с.) бастаған 1400-ге тарта мұсылман Меккеге қарай бет алды. Барлығында бір ниет – қасиетті Қағбамен қауышу, умра жасау. Топ түгелімен ихрам киген. Қарусыз, құрбандыққа атаған малдары ғана бар, баяу жылжып келе жатты. Бірақ мүшріктер бұдан мүдделі емес еді. Сондықтан, қажылар туралы хабар жеткен бойда, оларды қалаға кіргізбеудің қамына кірісті.

Худайбия жазығына жақын маң. Кенеттен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) түйесі шөгіп, жүрмей қойды. Сахабалар тұрғызбаққа қанша әрекет еткенмен, түк өнбеді. Жануар орнынан тапжылмады. «Түйе алыс жол жүріп шаршаған екен» деп күбірлесті сахабалар. Алайда, мұнда басқа бір гәп барын біреуі де білмеді. «Жоқ. Бұл түйенің табиғатына ондай (шаршап-шалдығу) тән емес. Түйені тоқтатқан нәрсе кезінде алып пілді де бөгеген жайт болса керек», - деді Пайғамбар (с.ғ.с.). Ол піл кезінде Қағбаны қиратпаққа келген адуынды Абраһаға тиесілі еді.

Болған жайттың тектен-тек емес екендігін түсінген Пайғамбар (с.ғ.с.) сапарын сол жерден үзеді. Меккеліктер ортақ мәмілеге келу туралы ұсыныс жасаса, әрі онысы Алланың әміріне қарсы келмеген жағдайда, келісімді қабыл алатындығын жеткізеді. Сөйтеді де, Худайбия жазығындағы шағын ғана көлшік маңына тоқтайды.

Меккеден мұсылмандармен келіссөз жүргізбекке небір елші ат ерттеп келеді. Алайда, ешқайсысы олармен ортақ тіл табыса алмайды. Ақырында, Сухайл ибн Амр деген кісіге кезек жетті. Сухайл бұған дейін де меккеліктер мен құрайыштардың атынан талай рет елшілік қызмет атқарған адам. Тәжірибесі мол, ешкімге есе жіберген емес. Елшілік етпекке Сухайл ибн Амр келгендігін естіген Алла елшісі (с.ғ.с.) оның есімінің өзі «жеңілдік» деген мағына береді: «Демек ісіміз жеңіл болатын болды. Арамызда шиеленіс болмайды», - деп жақсылыққа жориды.

Айтқандай-ақ, мұсылмандар мен мүшріктер өзара бейбіт бітім жасасады. Екі тарап 10 жылға дейін бір-бірінің керуенін тонамауға, қиянат жасамауға, соғыспауға серттеседі. Алайда, одан өзге шарттар мұсылмандардың көпшілігін қанағаттандырмайды. Себебі дәл сол жылы оларға умра жасауға рұқсат берілмейді. Яғни, орта жолдан кері қайтуларына тура келеді. Оның үстіне, мүшріктерден бір адам Ислам дініне өтіп, Мәдинаға қашса, оны кері қайтаруды талап етті. Алайда, Меккеге өткен мұсылманның жағдайы басқа. Оған бұл үкім жүрмеді. Мұсылмандардың дені бұған наразылық танытты. Налыды. Мүдделері шектелгендей сезінді өздерін. Алайда, Алланың Елшісі (с.ғ.с.) аталған талаптың бәрін қарсылықсыз қабыл алды. Сөйтіп, келісім хатқа түсірілді.

Саңлақ сахабалар (р.а.). Алла Елшісіне (с.ғ.с.) алғаш иман еткен ізгілер. Алла мен Оның Пайғамбарын шексіз сүйгендер. Хақтығына шек келтірмеген жандар. Солай бола тұра, Худайбияны қабыл алу оларға оңайға соқпады. Пайғамбардың (с.ғ.с.) парасаттылығына сенбегендіктен емес. Бұл – үммет еншісіне түскен үлкен сынақтардың бірі еді.

Келісім жасалғаннан кейін сахаба Омар ибн Хаттаб (р.а.) Пайғамбарға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Расулулла, сіздің Алланың пайғамбары екендігіңіз ақиқат қой?» - дейді. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Әрине, солай», - деп жауап береді.

-         Сіз – ақиқатта, ал біздің дұшпандарымыз – жалғанда емес пе?

-         Иә, рас.

-     Екі тарап соғысқан жағдайда біздерден қаза тапқандар жәннатқа, ал олардың әскерінен өлгендері тозаққа барады емес пе?

-         Иә.

-    Олай болса, біз оларға дінімізді қорлатып, неліктен бас июге тиістіміз? - деп Омар қарсы уәж айтады.

Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ақиқатында, мен – Алланың Елшісімін. Мен Раббымның айтқандарына қарсы шықпаймын. Ол – менің Жәрдемшім», - деп қана жауап береді. «Сіз бізге Қағбаға барып, тауап етеміз деп айтып едіңіз ғой?», – деп аптығы әлі басылмаған Омарға: «Солай айтқаным рас. Бірақ биыл тауап етесіздер дедім бе?», - дейді. «Жоқ, олай демедіңіз». «Ақиқатында, сен Қағбаға барасың, Омар. Оны тауап жасайсың». Алла Елшісі (с.ғ.с.) ақырғы сөзін осылай деп қана қысқа қайырды. Одан кем не артық сөз қосып айтпайды. Яғни, мүшріктермен жасасқан келісімнің жай-жапсарын түсіндірмейді.

Бұған қанағаттанбаған хазреті Омар Әбу Бәкірге (р.а.) барады. Пайғамбарға (с.ғ.с.) қойған сұрақтарының оған да бірін қалдырмай қойып шығады. Сонда Әбу Бәкір: «Уа, Хаттабтың ұлы. Ол – Алланың Елшісі, ол Раббысына қарсы шықпайды. Ол оны жәрдемсіз қалдырмайды», - деп жауап береді. Осы оқиғадан кейін іле-шала «Фәтх» сүресінің «Сөзсіз, сені ашық жеңіске ие қылдық...» деген аяттары уахи етіледі.

Пайғамбар (с.ғ.с.) Омарды (р.а.) ертіп келуге адам жөнелтіп, оған түскен аяттарды оқып береді. Істің мәніне иләһи хабар келгеннен кейін ғана толық көзі жеткен Омар: «Менің сол кезде ғана жаным жай тапты», - деген екен.

Худайбия келісімі мен Мекке алынған аралықтағы екі жылдың ішінде көп адам мұсылманшылықты қабылдайды. Бұл тіпті пайғамбарлықтың жиырма жылында мұсылман болғандардың санынан ондаған есеге артық. Себебі, осы аралықта ислам діні еркін уағыздалды. Мұсылмандар мүшріктермен етене араласты. Өздерінің исламға сай әдебі мен әрекеті арқылы оларды дінге шақыра білді. Яғни, алғашында мұсылмандар «мүддеміз шектелді», «бұл – дінге қиянат» деп түсінгенімен, Ұлы Алла жасырған хикметті кейін ұқты. Бұл бір жағынан, мұсылмандардың сабыры мен сенімі, тәуекелшілділігі мен татулығы сыналған сәт болатын.

Дінаралық татулық – исламның ұстанымынан. Жоғарыда айтылған Худайбия оқиғасы да сол толеранттылықтың таптырмас бір үлгісі десе болады.

Қазақстан – көп ұлтты, көп конфессиялы зайырлы мемлекет. Осынау түрлі конфессия өкілдерін зайырлылық пен толеранттылық ұғымдарының төңірегінде тоғыстыру үшін елге ортақ заң қажет. Заң ел азаматтарының теңдігін реттейді. Қоғамның тұрақтылығы мен тыныштығын қамтамасыз етеді. Ал уақытымен оған өзгерістер енгізу – заман талабы.

Жуырда еліміздің де бірқатар заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Жуырда «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға енгізілетін толықтырулар Парламенттен өтіп, Сенаттың қарауына жолданды. Ендеше, осы заңға енетін өзгерістердің бірқатарына тоқталып өтсек:

-         «Деструктивті діни ағым», «діни радикализм» секілді жаңа түсініктердің енгізілуі;

-         Шетелде діни білім алу мәселесі;

-         кәмелет жасына толмағандардың діни рәсімдерге қатысу тәртібін реттеу;

-         қоғамдық орындарда деструктивті ағымдарға тән атрибуттарды қолдану.

Соңғы жылдары ислам атын жамылған жат ағым өкілдерінің іс-әрекеті қоғамда исламофобия үдерісін өршіте түсті. Негізінде, ислам сөзінің бір мағынасы – «бейбітшілік». Алайда, әлгіндегідей адасқандардың асыл дінімізге күйе жағуының кесірінен ол терроризм сөзімен тіркесіп қолданыла бастады. Бұл елді исламнан үркітуге, адамзатты ата дінімізден алшақтатуға әкеп соғуда. Сол себепті, «деструктивті діни ағым», «діни радикализм» секілді жаңа түсініктердің енгізілуі ежелден ұстанып келе жатқан дәстүрлі бағыт пен теріс ағымның аражігін ашуға, оларға тиісті шара қолдануға, үгіт-насихат жұмыстарына тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.

Ал, шетелде діни білім алуға неліктен шектеу қою мәселесі көтерілді? Өкінішке орай, соңғы 10 жылдықта елімізде бірқатар террорлық актілер тіркелді. Мұның дені – діни себеппен. Ал оларды осындай қылмысқа итермелейтіндер – шетелдік шикі діни идеологияны насихаттаушылар. Олар уысына түскен жастарды әуелі ұлттық құндылықтарымыздан жирендіреді. Тарихымыз пен төл танымымызды тұтастай тәрк еттіреді. Мәдениетімізді мүлдем мойындамайды. Отанға оралысымен дәл осылай дінді дәстүрден бөле жарып уағыздауға тырысады. Сол себепті, шетелдік діни білімнен тосу – шынайы дәстүрлі дінімізге күйе жағылуынан туған сақтық шарасы. Дер кезінде қағылған дабыл.

Өткен ғасырларда шетелде діни білім алғандар болды ма? Әрине, ХХ ғасырда қазақ зиялылары мен діни көсемдердің арасында да шетелде діни білім алғандары болды. Алайда олардың бір де біреуі елге оралғанда дінді дәстүрден бөлек уағыздап, халықты әдет-ғұрпынан айырған емес. Соның бірі – Мәдинада оқыған ойылдық діни қайраткер Сағидолла Ізтілеуов. Сағидолла хазрет қазіргі Ойыл аудандық мешітінде имамдық қызмет атқарды. Төрт жыл ішінде 11 діни мектеп, 20 мешіттің жұмысын қалпына келтірді. Әлгілердей арандату емес, ағарту жұмыстарымен айналысты.

Бүгінгі заңның да мақсаты сол. Яғни, шетелде діни білім алуға түбегейлі тыйым салынбайды. Ниетті азаматтар онда білімін жетілдіре алады. Қойылатын басты талап – бакалавр дәрежесіндегі жоғары діни білімді Қазақстанда алуы керек. Сонда ол әуелі діни қағидаттарды қазақ мұсылмандығының негізінде бойына сіңіреді. Кейін шетелге барған жағдайда елге қажетті діни білімді игеруге тырысады.

Келесі бір мәселе – кәмелетке толмаған балалардың діни іс-шараларға қатысуы. Жаңа заңға сәйкес бұл баланың ата-анасының біреуінің рұқсатымен жүзеге аспақ. Мұны баланы мешіттен оқшаулау, шеттету деп түсіну қате. Себебі, ел заңнамаларында кәмелетке толмағандарға қатысты қолданылатын тыйымдар мен талаптар көп. Мәселен, кәмелетке толмағандар заңды жауапкершілікке тартылмайды, сайлау кезінде дауыс беру құқығы жоқ, олардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз тұрғын жайдан тыс жерде жүруіне болмайды, оларға шылым, алкогольді ішімдіктер сатылмайды, тағысын тағылар. Осы аталған тармақтардың барлығы баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Демек, баланың діни іс-шараларға қатысу тәртібін реттеудегі басты мақсат та – оның жат ағым құрсауына түсіп кетуіне жол бермеу. Сонымен қатар бұл тек мешіттерге ғана емес, барлық діни бірлестіктерге қойылып отырған талаптар. Яғни, басқа діни бірлестіктер әр түрлі мақсатта жас балаларды жинап, діни фарматтағы іс-шаралар ұйымдастыруы мүмкін. Бұл осындай діни шаралардың заң аясында өткізілуін және бабалардың құқықтарын реттеуге, бақылауға мүмкіндік туғызады.

Төртінші мәселе – қоғамдық орындарда деструктивті ағымдарға тән атрибуттарды, киім үлгілерін қолдану және таратуға тыйым салу мәселесі. Тыйым бет-жүзді тануға кедергі келтіретін ниқаб, паранджа секілді киім түрлеріне ғана қатысты. Орамал оған жатпайды. Оның жөні бөлек. Ал бетті тұмшалау, тұтас қара жамылып жүру – қазақы түсінік бойынша жақсылықтың нышаны емес. Үлкендердің үнемі «бетіңді жаппа», «жамандық шақырма» деп ескертіп отыратыны сондықтан. Демек, бетті бүркеу дәстүрді жоққа шығарушы деструктивті діни ағымға тән сипат екендігін осыдан тағы бір аңғаруға болады. Бетті бүркеу мұсылман әйелдің киім үлгісінде көрсетілген міндеттерге кірмейді. Бұған дәлел – пайғамбарымыздың Бұхариде келген: «Ихрам хәлінде әйел бетін бүркемесін», – деген сахих хадисі. Яғни, бір мезетте миллиондаған адам жиналатын қажылық сапары кезінде әйел адамның бетін тұмшалауы талап етілмейді.

Бүгінде шүкір, бейбіт заманға бой үйреттік. Азаттықтың таңы атты. Тәуелсізбіз. Еркінбіз. Бірақ, осы бейбіт заман бүгінгі қоғамға кешегі ата-бабаларымыздың көрген тауқыметін, қиыншылығын ұмыттырып бара жатқандай. Кешегі Патша үкіметінің отарлау саясатының озбырлығы мен өктемдігі, ашаршылық мен саяси-қуғын сүргін нәубәті. Қанша зобалаң көрсе де бабаларымыз дінін сақтап қалды. Ол аздай саяси қуғынға ұшыраған өзге ұлт өкілдерін бауырына басып, барымен бөлісті. Осылардың сыйы ретінде халқымызға Тәңірім тәуелсіздікті тарту етті. Сансыз шүкірлер болсын!

Бүгінде Құдай құт етіп берген осы бақты ұшырғысы келетін, елдігімізді бұзғысы келетін мысықтілеулер ел ішінде іріткі салу үшін дінді құрал ретінде пайдаланғысы келеді. Біз ондай арандатушыларға жол бере алмаймыз. Ата-бабаларымыз ұстанған мұсылмандық жолымызды таңдаймыз. Ал, заңға енгізілетін толықтырулар мен өзгерістер халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға қызмет етеді деп санаймыз.

Төлеби қажы Оспан,

ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы

бойынша өкіл имамы

 

 

Калькулятор расчета пеноблоков смотрите на этом ресурсе
Все о каркасном доме можно найти здесь http://stroidom-shop.ru
Как снять комнату в коммунальной квартире смотрите тут comintour.net
2018-08-23
561

Добавить комментарий


Отыз күнәны жойып, қабір азабынан қорғайтын сүре. Тәбәрак (Мүлк) сүресі

Отыз күнәны жойып, қабір азабынан қорғай…

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.): &...

07-11-2016 Просмотров:371794

Әлемнің ең ықпалды мұсылман тұлғалары анықталды

Әлемнің ең ықпалды мұсылман тұлғалары ан…

 Амман корольдік стратеги...

11-10-2016 Просмотров:210775

Намазды қай кезде оқымаған дұрыс?

Намазды қай кезде оқымаған дұрыс?

Айша анамыз (р.а.): &laqu...

26-09-2016 Просмотров:44451

Әріптес сайттар