Құрбан айт қажылықтан соң келетін мереке. Кеше қажылар арафа жотасында тұрып, қажылықтың үш парызының бірін орындады. Ораза айт та айлардың сұлтаны рамазан оразасы бітуімен келетін мейрам. Айтулы қос айт да Ислам дінінің негізі және тірегі боп саналатын ораза және қажылық соңынан болатын мереке. Құран Кәрімде:

يَا أَيُّهَا النَّاسُ قَدْ جَاءَتْكُمْ مَوْعِظَةٌ مِنْ رَبِّكُمْ وَشِفَاءٌ لِمَا فِي الصُّدُورِ وَهُدًى وَرَحْمَةٌ لِلْمُؤْمِنِينَ *قُلْ بِفَضْلِ اللَّهِ وَبِرَحْمَتِهِ فَبِذَلِكَ فَلْيَفْرَحُوا هُوَ خَيْرٌ مِمَّا يَجْمَعُونَ

«Әй адамдар! Сендерге Раббыларың тарапынан бір үгіт, жүректегілерге бір шипа, сенушілер үшін тура жол және рахмет (түрінде Құран) келді. (Мұхаммед): «Олар, Алланың кеңшілігі, мәрхаметімен болған осылармен қуансын. Өйткені, Құран олардың жиған-тергендерінен қайырлы» де[1]», - деп айтылған. Әрине, шынайы қуаныш пен риясыз шаттық құлшылықтан туады.

Рамазанда Жаратушының әміріне құлдық деп күндіз нәр тартпай жүресіз. Қала берсе көз бен құлақты, тіл мен қолды толықтай жамандықтан тыясыз. Қажылықта да дүние ләззатынан толықтай бас тартып, кебін іспеттес ихрамды киіп, Мина, Арафат және Муздалифа жазықтарында аптап күн ыстықта құлшылық жасайды. Артынан, күллі мұсылмандар құлшылықты есен-аман орындап олжалы болғанына шүкіршілік етіп мерекелейді.

Бұл мереке Алла Тағаланың берген біз білетін және байқай бермейтін көптеген нығметтеріне шүкіршілігімізді білдіретін мереке. Шүкіршілікті әуелі айт намазын оқумен білдіреміз. Айт намаздан кейін, имам құтпасын оқып біткен соң мүмкіндігі бар кісі құрбан шалады. Шариғаттың тәртібі осы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) құрбан күні намаздан кейін: «Кімде-кім біздің намазымызды оқып, соңыра құрбандық шалса, біздің сүннетімізге сай жасағаны. Ал, кімде-кім намаздан әуел құрбандық шалса, онысы отбасына арналған ет, орнына басқа құрбандық шалсын[2]», - деген.

Ал, енді Құрбан айт тарихына зер салсақ. Алла елшісі (с.ғ.с.):

سنة أبيكم إبراهيم

«Аталарың Ибраһимнің сүннеті[3]», - деп айтқандай құрбандық тарихы сонау пайғамбарлар атасы Ибраһимнен (ғ.с.) бастау алады. Ибраһим (ғ.с.) жайлы Құран Кәрімде:

إِنَّ إِبْرَاهِيمَ لَحَلِيمٌ أَوَّاهٌ مُنِيبٌ

«Шынында Ибраһим аса жұмсақ, тым қамқор, бой ұсынушы[4]», - деп баяндалған. Ибраһим (ғ.с.) өте мейірімді әке, сенімді күйеу, адамдарға да ерекше жұмсақ та мейірімді еді.

Қысқаша айтқанда, Алланың досы Ибраһим (ғ.с.) түс көреді. Түсінде баласы Исмаилді бауыздап жатыр екен. Бұл оқиға жайлы Құран Кәрімде:

يَا بُنَيَّ إِنِّي أَرَى فِي الْمَنَامِ أَنِّي أَذْبَحُكَ فَانظُرْ مَاذَا تَرَى

«...Балақайым! Сені түсімде бауыздағанымды көрдім; назар аудар, бұған не дейсің, көзқарасың қандай? - деді...[5]», - деп айтылады. Пайғамбарлардың түсі – Алладан келген уахи боп саналады. Демек, бұл Жаратушыдан келген бұйрық.

Жалпы, Құран Кәрімдегі әрбір сөздің құпиясы бар, әрбір аяттың тарихы, оның арғы жағында тағылымы да бар. Тек, оны оқып әрі жете түсінуді үйрену керек. Тәпсір мен пайғамбарлар қиссалары жазылған кітаптарда бұл оқиғаны былай әңгімелейді: Ибраһим баласын бауыздамақ болғанда: «Жүр, Алла Тағалаға құрбанды жасайық», - деп алып шығады. Ибраһим пайғамбардың қолында пышағы мен арқаны бар еді. Әкелі-балалы екеуі таудың өткеліне келіп жеткенде Исмаил: «Әке! Құрбандық малыңыз қайда?», - деп сұрайды. Әкесі: Балам! Мен түсімде сені құрбандыққа шалып жатқанымды көрдім, - дейді. Сонда баласы:

يَا أَبَتِ افْعَلْ مَا تُؤْمَرُ سَتَجِدُنِي إِن شَاء اللَّهُ مِنَ الصَّابِرِينَ

«...Әй әкетайым! Өзіңе не әмір етілсе, соны орында. Алла қаласа, мені сабырлылардан табарсың...[6]», - деді де: «Қимылдамауым үшін мықтап байлаңыз, киіміңізге менің қаным шашырап кетпеуі үшін абай болыңыз. Әйтпесе, қанды анам көрсе, қайғырады. Сосын, өлім тез келуі үшін пышақты мойныма жылдам тигізіңіз. Анама қайтқанда менен сәлем айта барыңыз», - дейді. Ибраһим (ғ.с.) баласын құшағына алып, жылап: «Балам! Алла Тағаланың әмірін орындауда неткен керемет жәрдемші болдың», - деді. Соңыра баласын бауыздамақ болғанда, Алланың әмірімен пышақ Исмаилдің мойнына зәредей де зиян тигізбеді. Сынақтан сүрінбей өткен әкесі мен баласына жәннатта қырық жыл бағылған қошқар құрбан ретінде жіберілді.

Адам өмірде көптеген сынақтарға бетпе-бет келеді. Денсаулығы, мал-дәулеті, бала-шағасы. Бұл сынақтардың ең ауыры жақынынан айырылу. Соның ішінде, бауыр еті баласынан айырылу – сынақтың ең ауыры. Бала әке үшін бүгіні мен болашағы. Баласын жоғалтумен адам бүгіні мен ертеңін жоғалтады. Алла елшісі (с.ғ.с.):

إذا مات ولد العبد قال الله تعالى لملائكته: قبضتم ولد عبدي؟ فيقولون: نعم ، فيقول: ماذا قال عبدي؟ فيقولون: حمدك واسترجع ، فيقول الله تعالى: ابنوا لعبدي بيتاً في الجنة وسموه بيت الحمد

«Пенденің баласы қайтыс болса Алла Тағала періштелеріне: «Құлымның баласын алып қойдыңдар ма?», - деп айтады. Олар: «Иә», - дегенде, Алла Тағала: «Құлым не деп айтуда?», - дейді. Періштелер: «Сені мадақтап, Саған қайтатынын айтуда», - дейді. Сонда, Алла Тағала: «Пендеме жәннаттан үй тұрғызыңдар, ол үйді «Хамд» мақтау үйі, - деп атаңдар, - дейді[7]», - делінген.

Сондықтан Құран Кәрімде адамның баласымен сыналуын:

إِنَّ هَذَا لَهُوَ الْبَلاءُ الْمُبِينُ

«Шын мәнінде Бұл бір ашық сынау еді[8]», - деп айтқан. Себебі, бұл сынаққа иманы мықты адам ғана шыдас беруі мүмкін. Міне, мұндай қиын сынақтың ең ауыры Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) иығына түскен. Көзі тірісінде кенже қызы Фатимадан басқа барлық ұл-қыздарын өз қолымен жер қойнауына тапсырған. Баласы Ибраһим шетінегенде қос жанары жасқа толып:

إن العين تدمع والقلب يحزن ولا نقول إلا ما يرضي ربنا وإنا بفراقك يا إبراهيم لمحزونون

«Расында, көз жылайды, жүрек қайғырады, бірақ тек Раббымыз құп көретін сөзді ғана айтамыз. Ибраһим, сенен айырылғанымызға қайғырудамыз», - деген екен.

Ойлап қараңызшы, әке баласынан айырылайын деп тұр. Адамның өзі қандай ауыр қиыншылықты басынан өткерсе де, оған шыдайды. Бірақ, кеше ғана жанында жүрген, көз алдында ер жетіп келе жатқан баласының жансыз денесін көру өте ауыр сынақ. Исмаил Ибраһимнің (ғ.с.) Құдайдан сұрап алған жалғыз баласы. Мүмкін баласы көп болса, бірінен айырылу мұнша ауыр болмас па еді. Алайда, жалғыз баласын жоғалту әлдеқайда қиын сынақ. Тарих кітаптарында Ибраһим (ғ.с.) сексеннің сеңгірінен асқан шақта әке болды дейді. Исмаил шаруаға жарап қалған бозбала кезінде жүз жасқа жақындап қалған болатын. Бұл дегеніңіз қартайған шағында көрген перзентін ажалға қию қайғыны ауырлата түседі. Десе де, Ибраһим (ғ.с.) мен баласы Исмаил (ғ.с.) қиссасы соңында құрбандыққа көктен түскен қошқар сойылды.

Құран Кәрімдегі аталмыш қиссаны кем дегенде жылына бір рет есімізге түсіріп, бүгіліп жатқан сырларына үңілуге әрекет етеміз. Кейбір адамға жантүршігерлік жабайылық боп та көрінуі мүмкін. Өйткені, адам бауыр еті баласын малша бауыздайын деп жатыр. Ал, иләһи даналық көре білген адам үшін мұнда қияметке дейін әрбір қоғамда құндылығын жоғалпайтын өмір дәрістері бар.

Бұл – жауыздық қиссасы емес. Бұл – пенденің Құдайға деген сенімі жайлы қисса. Отбасы жайлы қисса. Нағыз жауыздық туған баланы қоқыс жәшігіне тастап кету. Бауыр еті баласын тірідей жетім ету. Нағыз жауыздық қаусаған қарт әке-шешесін өз қолымен қарттар үйіне тапсыру. Міне, бұл – нағыз жауыздық. Құрбандық қиссасында әке мен бала, күйеуі мен әйелі, анасы мен баласы арасындағы әңгімеге көңіл бөліңіз. Бұл аяттарды осы қырына зер салуымыз маңызды. Өйткені, әрбір шариғат үкімін кешегі тарихы мен бүгінгі тағылымы арасын толықтай үйлестіре білуіміз керек. Сонда Құрандағы әмірлерді дұрыс түсінуді үйренеміз. Елдің тұрақтылығы отбасы ішіндегі тәртіпке байланысты. Елдің болашағын намысы бар ұлдан, ұяты бар қыздан күтеміз. Намысы жоқ ұл ертең көк тиынға елін сатады. Ұяты жоқ қыз да соның кебінін киеді. Бұл қиссада жанашыр әрі қамқор әке жайлы айтылуда. Бұл қисса күйеуіне әрбір ізгілікте жәрдемші бола білетін әйел жайлы. Сонымен бірге, әкесін ардақ тұтатын, анасын сыйлайтын перзент туралы қисса.

Құрбан айт – отбасылық мереке. Бұл күні ата-анасы отырған қара шаңыраққа балалары түгелдей жиналуы тиіс. Дастарқан басында отырған әке мен бала һәм немере жай ғана ас ішу үшін отырмайды. Бұл бүгін мен болашақтың тоғысқан жері. Бұл ұрпақтан ұрпаққа, атадан балаға аманат етіп берілетін мұра. Міне, отан дегеніңіз осы. Елін және жерін сүю осылайша бала бойына сіңеді.

Енді, қараңыз мерекенің мақсаты не? Мереке ысырап пен арамнан басталса, артынан қала мен ауыл ішіндегі қоғамдық тәртіп бұзылып жатса, бейәдеп қылықтарымен масқарасы шығып, ішімдік ішіліп кісі өлімі, зорлық-зомбылық сияқты қылмыстар боп жатса мұны мереке деп айтуға келе ме?

Шариғат дүниеден баз кеш, барлығын харам деп жарияла демейді. Ондайды Құраннан да, хадистен де таппайсыз. Шариғат сызып берген шеңбердің ішінде де адам баласының жаны қалағанша ойнап-күлуіне, көңіл көтеріп сергуіне толықтай мүмкіндігі бар.

Ал енді, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) құрбан айтта айтқан мына сөзі күні бүгінге дейін Ислам дінінің мән-мақсатын адамзатқа паш етеді. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

فَإِنَّ دِمَاءَكُمْ وَأَمْوَالَكُمْ وَأَعْرَاضَكُمْ، حَرَامٌ عَلَيْكُمْ، كَحُرْمَةِ يَوْمِكُمْ هَذَا، فِي بَلَدِكُمْ هَذَا، فِي شَهْرِكُمْ هَذَا، وَسَتَلْقَوْنَ رَبَّكُمْ فَيَسْأَلُكُمْ عَنْ أَعْمَالِكُمْ، فَلاَ تَرْجِعُنَّ بَعْدِي كُفَّارًا يَضْرِبُ بَعْضُكُمْ رِقَابَ بَعْضٍ

«Ақиқатында, сендердің қандарың (жандары), мал-дүниелерің, ар-намыстарың мына қасиетті құрбандық күні сияқты, мына қасиетті Мекке шаһары сияқты, мына қасиетті ай сияқты бір-біріңе қастерлі, қол сұғуға болмайды. Ертең Раббыларыңмен кездесесіңдер, істеген амалдарыңнан сұраласыңдар. Менен кейін бір-біріңнің басын алатын күпірлікке қайта оралмаңдар...[9]».

Міне, бұл біздің дініміздің басты қағидаты. Адамның өмірі, ар-намысы және дүниесі шариғатпен қорғалған. Мұсылмандардың бір-бірі алдындағы борышы ретінде мына нәрсе айтылған: «Бір-біріңе көреалмаушылық жасамаңдар, бір-біріңе айдап салмаңдар, бір-біріңе ашу-ыза сақтамаңдар, бір-біріңе тұзақ құрмаңдар. Біріңнің саудаңның үстінен бірің сауда жасамаңдар. Ей, Алланың құлдары! Бауыр болыңдар. Мұсылман – мұсылманның бауыры. Ол бауырына зұлымдық жасамайды, жәрдемсіз қалдырмайды, қорламайды. Тақуалық міне мұнда», - деп жүрек тұсын нұсқады. «Адам өзінің мұсылман бауырын қор санауының өзі жаман іс ретінде жеткілікті. Әрбір мұсылман мұсылман үшін оның қаны, малы және ар-намысы қастерлі[10]».

Айт құтты болсын. Еліміз бейбіт, жұртымыз бақытты, отбасымыз берекетті болсын!

Төлеби ОСПАН,

ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы

бойынша өкіл имамы

 


[1]Юнус сүресі, 57-58 аяттар

[2] Бұхари, Муслим

[3] Ибн Мажа, Ахмед

[4] Һұд сүресі, 75-аят

[5] Саффат сүресі, 102-аят

[6] Саффат сүресі, 102-аят

[7] Тирмизи

[8] Саффат сүресі, 106-аят

[9]Бұхари, Муслим

[10]Муслим.

Калькулятор расчета пеноблоков смотрите на этом ресурсе
Все о каркасном доме можно найти здесь http://stroidom-shop.ru
Как снять комнату в коммунальной квартире смотрите тут comintour.net
2017-08-31
356

Добавить комментарий


Отыз күнәны жойып, қабір азабынан қорғайтын сүре. Тәбәрак (Мүлк) сүресі

Отыз күнәны жойып, қабір азабынан қорғай…

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.): &...

07-11-2016 Просмотров:363572

Әлемнің ең ықпалды мұсылман тұлғалары анықталды

Әлемнің ең ықпалды мұсылман тұлғалары ан…

 Амман корольдік стратеги...

11-10-2016 Просмотров:203107

Қызуды түсірудің Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан бір тәсілі

Қызуды түсірудің Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) …

  Кейде ауырсақ қызуымыз...

21-09-2016 Просмотров:34673

Әріптес сайттар