Хафиз[1] ас-Суюти (849-911 һ.ж./1445-1505 м.ж.- Алла ол кісіні рақымына алсын) өзінің кітабында былай дейді:

 

«Құран Кәрімге тәпсір жасап, түсіндірме беріп жүрген кейбіреулер Исра сүресінің 79 аятына түсіндірме  жасап, аятта айтылған Алла елшісіне (с.а.с.) берілетін орын Пайғамбардың Алла Тағаламен бірге Аршыда өзіне арналған жеке бір орында отыруы дейді».

Исра сүресінің 79-шы аяты:

ومن الليل فتهجد به نافلة لك عسى أن يبعثك ربك مقاما محمودا

(Мұхаммед (с.а.с.)) «Раббыңның сені бір мақтаулы орынға жеткізуінен үміт етіледі».

 

Хафиз ас-Суюти сөзін жалғастырып: «Міне, Құранға осындай түсіндірме жасап жүрген кісілердің оқиғасы Имам Ибн Жарир ат-Табариге жеткен кезде ол қатты ашуланып, өзінің есігінің сыртына былайша жазып қояды: «Серігі жоқ Алла кемшілік атаулыдан пәк, және оның Аршында отыратын жаратылыс жоқ[2]». Сол уақытта Бағдат қаласының қарапайым тұрғындары Имам Табаридің ауласына топырлап келіп, оның үйіне тас жаудырып тастайды, тіпті, оның үйінің кіреберісінде тау болып тастар үйіліп қалады».

 

«Тахзиру ал-хауас мин әказиби әл-қуссас»1 том 161 бет;

Али әл-Қори «әл-Асрору әл-Марфуъат» 1 том 61 бет

 

Құран Кәрімде мынадай аят бар:

الرحمن عل العرش استوى

«Рахман (Алла) Аршыға истауа етті». (Таһа сүресі 5 аят)

Осы аятты «Алла Аршыға отырды» деп тәпсірлеушілер де жоқ емес. Алла Тағала ондай кемшіліктен таза.

«Тафсир әл-Жәләлайн» атты Құран тәпсірі кітабында Исра сүресінің 79 аятына былайша түсіндірме берілген: «Қиямет күні Алла Тағала мейіріміне бөлеген барша жандарға шапағатшы болуың үміт етіледі. Және онда мәртебелі орынға ие боласың. Әуелгілер мен ақырғылар сені ол жерде мақтап тұрады».

 

Смағұлов Нұрбол

«Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы


[1]Ондаған мың хадистерді, олардың тізбегін, хадисті жеткізулердің қасиеттерін, сенімділігін білетін ғалымдарды атайды

[2] Бұл жерде Алла Тағаланың өзі Аршыда отырады деген мағына түсінілмейді

2017-02-08
802

Добавить комментарий