Алла Тағала «Әли Имран» сүресінің 103-аятында былай дейді:

«Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ, өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар: өйткені бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, Оның игілігімен туысқа айналдыңдар. Оттан бір шұңқырдың ернеуінде едіңдер, сендерді одан құтқарды. Осылайша Алла сендерге аяттарын тура жолға түсулерің үшін баян етеді».

Осы аяттағы «Алланың арқанынан» мақсат: Құран мен Ислам діні. Отты шұңқырға құлау қаупіндегі адам арқанды мықты ұстаса, құтылып қалғанындай, тозақтың түбіне құламаудың жалғыз амалы – Құран мен Исламды мықты ұстау. Бөлінбеу.

Осы аят мұсылмандарды біріктіру ұраны. Мұсылмандардың бірігуі тиіс. Сондықтан да аятта бірігуге бұйырғаннан соң, тікелей «бөлінбеңдер» деп аят келді. Әуелі бірігуге шақырып, сосын бөлінуден қайтаруда. Осыдан бұл істің қаншалықты маңызды екенін білуге болады.

Муфәссирлеріміз (тәпсір ғалымдары) осы аяттың түсу себебі жайында мына риуаятты келтіреді:

Яһудилерден Шас ибн Қайс есімді адам Аус пен Хазраж руынан болған арабтардың жиналып, сөйлесіп отырған жерінен өтеді. Жәһилият дәуірінде бір-біріне мықты дұшпан болған бұлардың тату-тәтті отыруы оның ашу-ызасын келтіріп: «Бұлар біріксе, біз олармен бірге өмір сүре алмаймыз», - деп ойлап, бір яһуди баланы шақырып: «Арабтардың ортасына бар да, оларға «Буас» атты күнді естеріне сал әрі ол жайындағы дастар-жырларды оқып бер», - деп бұйырды.

(«Буас» күнінде Аус пен Хазраж рулары қатты соғысып, онда Аус жеңіп шыққан екен).

Әлгі яһуди бала Шастың айтқанын орындады. Сонда отырғандар ұрысып-тартысып, соңы жанжалға айналып, «Қару! Қару! Қару!» деп айқай салды.

Бұл оқиға жайындағы хабар Расулуллаға (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) жеткенде, ол кісі құзырындағы муһәжирлер мен ансарларды ертіп, олардың алдына барады да:

«Ей, мұсылмандар! Алладан қорқыңдар! Алла сендерді ислам жолына салып, құрметтеп, жәһилият ісін кесіп, сендерді құтқарып, әрі орталарыңа татулықты салғаннан кейін де, мен араларыңда бола тұра жәһилияттың істерін істейсіңдер ме?», - дейді.

Сол кезде сахабалар дұшпанның айлакерлігіне алданып, шайтанның сөзіне ергендерін түсінді. Қаруларын тастап, жылап құшақтасып, Расулулламен (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бірге қайтты. Сонда жоғарыда айтылған аят түсті.

Алла Тағала және бір аятта былай деп бұйырады:

«Аллаға әлі Елшісіне бойұсыныңдар, өзара жанжалдаспаңдар, онда үрейлесіңдер де құттарың қашады және сабырлы болыңдар. Расында Алла, сабырлылармен бірге» («Әнфәл» сүресі, 46-аят).

Мұсылмандар Алла Тағалаға және Оның Расуліне (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) қаншалықты бойұсынса, сәттіліктері де соншалықты көп болады және көптеген сәттіліктерге де себеп болады.  Ислам тарихынан белгілі болғандай,  егер мұсылмандар жеңіліске ұшыраған болса, тек қана өзара ихтиләф пен ішкі жанжалдар себепті болған.

Алла Тағала мүмин-мұсылмандарды дінде бөлінуден қайтарып, былай деп бұйырады: «...әрі ортақ қосушылардан болмаңдар. Сондай олар діндерін бөлшектеп, топтарға бөлініп, әрбірі өз алдындағыларына мәз болғандар». («Рум» сүресі, 31-32-аяттар).

Демек, дінде бөліну мүшриктердің ісі ретінде танылған екен. Топ-топ болып алып, ихтиләф шығарып, таласып-тартысу да мүшриктердің ісі екен. Әрбір ағымның өз алдындағылардан мәз болып (яғни, менікі ғана дұрыс деп) басқаларды төмен санауы да мүшриктердің ісі екен.

Бөліну мен топ құру Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) үмметтеріне лайықты іс емес.

Әбу Масъудтан (Алла оған разы болсын) Алла Елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай дегені риуаят етіледі:: «Ихтиләф жасамаңдар, жүректерің қарама-қайшы болып қалмасын». Имам Мүслім риуаят еткен.

Біз Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) қайтарған нәрседен қайтуымыз керек. Хадисте ихтиләфтың ақыры жаман болатынын арнайы айтып жатыр. Бір-екі реттен кейін жүректер ихтиләфты болып қалса, Алла сақтасын, сондай жүрек иелерінің бастары күмәнсіз келіспеушілік пен ұрыс-жанжалдардан арыла алмай қалады.

(!) Құрметті жамағат! Сүннетке амал ету керек деп айтқанымызбен, оған амал еткеніміз қайда? Орындау да, орындамау да сүннет болған істе ихтиләф шығарып, бірнеше аят пен хадистерге қайшы харам істі істегеніміз «Құран мен сүннетке амал ету» деп аталады ма? Құран мен Сүннетке амал етуді ұран етіп, кішігірім мәселелерге жабысып ихтиләф шығарамыз, бірақ Құран мен Сүннеттегі ең маңызды мәселелердің бірі – мұсылмандардың бірлігі, ол – парыз, ендеше оған неге амал етпейміз?

 

 

«Қарама-қайшылықтар. Себептер. Шешімдер» кітабынан

2017-02-02
342

Добавить комментарий