«Үмметтің арасындағы нәпсіге берілу, қан төгу, дұшпандық пен бір-бірін жек көруге алып баратын ихтиләфтардың көбі бірінші түрдегі ихтиләф. Дұшпандық жасаушы топтың бірі екіншісінің де хақ екенін білмейді, әділдік етпейді, бәлкім бұл қарама-қайшылықты екінші түрдегі қарама-қарсы қайшылық деп біледі.

Ал бұл зұлымдық шектен тыс жауыздық жасау себебінен...» (үзінді аяқталды).

 

Біздің пікірімізше, бұдан алты жүз елу жылдай бұрын жазылған «Шархи Ақидаи Тахауияны» түсіндірудің қажеті жоқ, барлығы түсінікті. Алайда кейбір қосымшаларды қосып өтсек, пайдасы болар деген үміттеміз.

Біз келтірген үзіндіде келгендей, сөз бен амалдардың түрлері жайындағы ихтиләфтардың зияны жоқ, тек қана екі тарап бір-біріне зұлымдық етпесе болды.

Аталмыш кітапта Әһлі сүннә уәл жәмъаға сеніміндегі мұсылмандардың барлығының ақидасы бейнеленген. Мәшһүр төрт фиқһи мәзһабтың барлығы да дәл сол ақидауи мәзһабта. Демек, кейбір нәрселерді орындауда фиқһи мәзһабтар арасындағы (түрлері бойынша) әртүрлілік, түрліше болуы жаман нәрсе емес. Бәлкім, дау-жанжал мен зұлымдықтан аулақ болса, зияны жоқ нәрсе екен. Әрбір мәзһабтың ғұламалары шариғи дәлелдер келтірген жерлерде кейбір нәрселерді орындауда абзал жолды табуға тырысқан. Бұл әдіс қазіргі күнде «көп пікірлілік», «пайдалы тартыс» секілді аттармен аталуда.

 

Бір мәзһабтың ішінде, жалпы алғанда ихтиләф жоқ. Олай болса, біздегі ихтиләфтар қайдан шықты? Біздегі ихтиләфтар кейбіріміздің Ханафи мәзһабын теріске шығаруымыздан шығып жатыр. Жоғарыда сипатталған, шетелдерден келіп, бізге діни тәлім бермекші болғандардың мақсаты да осы. Олар өз істеріне өте көркем есім таңдап алған. Олар: «Біз Құран және Сүннетке амал етеміз», - дейді. Бұл көркем ұранның астарында «Бізге қарсы болғандар Құран мен Сүннетке қарсы болады» деген астар бар. Енді осыны қысқаша талдап, мәселені түсінуге тырысайық:

Біріншіден:

Егер біз «Құран мен Сүннетке амал ету керек» деп, Ханафи мәзһабында сүннет деп айтылған амалды, мысалы, «әминді» іштен айтуды теріске шығарып, «әминді» дауыстап айту керек» десек, Шафиғи мәзһабына еліктеген болмаймыз ба?! Өйткені, дәл Шафиғи мәзһабы намазда «әминді» дауыстап айту сүннет екенін айтқан. Мұндай жағдайда Ханафилердің ішінде Шафиғилердің ижтихады бойынша іс жүргізіп, босқа жанжал шығарған боламыз ғой?!

Екіншіден:

Біз жоғарыда айтылған пікірді қайтарып: «Ешбір мәзһабпен ісіміз жоқ, айтқан сөзімізді хадистен алдық» - деп айтуымызға болады. Екінші жақтың да бізге: «Бұл сөз хадис екенін қайдан білдіңіз?», - дейтіні сөзсіз. Сонда біз: «Пәлен мухаддис риуаят еткен», - дейміз. «Ондай болса сіз сол пәлен мухаддиске еліктеп жатқан екенсіз де», - дейді екінші жақ. Осылайша тартысу жалғаса береді.

Үшіншіден:

Біз мысал етіп алған мәселеміз – «әминді» дауыстап айтудың сүннетке амал ету екенін, әрі Ханафи мәзһабына орай «әминді» іштей айту сүннет емес екендігін талап етуімізбен бірнеше сахих хадисті теріске шығарған болмаймыз ба?

Өйткені, Ханафи мәзһабы «әминді» іштей айту сүннет екеніне бірнеше сахих хадистерді дәлел етіп келтіреді. Ханафилердің ішінде бұл істі қозғап, келіспеушіліктерге себепші болуымыздан не пайда?

Төртіншіден:

Ханафи мәзһабындағылар «әминді» іштей айту абзал екеніне Құраннан дәлел келтіреді. Не үшін біз Құран мен Сүннетке амал етеміз дей тұра, Ханафи мәзһабының Құраннан келтірген дәлелін қабылдамаймыз?!

Бұған ұқсас сұрақтар бірінен соң бірі шыға береді. Бұларды терең ойлап көруіміз керек. Бір нәрсені айтудан алдын айтатын сөзімізде негіздің бар-жоқтығын, өзіміз сол сөзімізге лайықтымыз ба және осыған ұқсас басқа нәрселерді де таразыға салып көрсек, жақсы болар еді.

 

Енді мәселеге басқа қырынан қарап көрейік. Өзімізге өзіміз бір сұрақ қояйық. Бізде мұсылмандардың бір-біріне қарама-қарсы болып жатқан мәселелері ақиқатында ихтиләф жасауға тұрарлық мәселелер еді ме?

Егер өзара ихтиләфқа түсіп, өзара қырық пышақ болуымызға себеп болған мәселелердің барлығын, соның ішінде «әминді» іштей немесе дауыстап айтуды, рукуғқа барғанда екі қолды көтеруді, имамның артынан қирағат етуді жинақтап, бұлардың үкімін үйреніп шықсақ, ары барғанда сүннет амалы болады. Парыз да, уәжіп те емес. Фиқһ үкімі бойынша, сүннет амалды орындаған адам сауап алады, орындамаған адам күнәһар болмайды. Өзімізді масқара етуге себеп болған әлгі амалдарда ешкім сүннетті тастаған жоқ. Бәлкім бір амалды орындауда екі жолдың бірін таңдады.

 

Ханафи мәзһабын ұстанғандар осы мәзһабтың ғұламалары бір аятты және бірнеше хадисті дәлел етіп «Намазда «әминді» іштей айту сүннет» деп шығарған үкімдеріне сай, аталарына Ислам келгеннен бері «әминді» іштей айтып келеді.

Кейбіріміз фиқһ мәзһабын айналып өтіп, өзімізше ижтихад етіп, тұп-тура Құран мен Сүннеттен үкім шығаруға ұрынып, кейбір хадистерге сүйеніп, «әминді» дауыстап айту абзал, оны дауыстап айтпағандар қателеседі дедік. Көпшіліктің арасында «әминді» тым дауыстап айтып, әдейі адамдардың жүйкесін қоздырдық. Кейбіріміз түрлі мешіттерге шәкірттерімізді жіберіп, ихтиләфты күшейтуге тырыстық. Ортада қарама-қайшылық шықты. Бір-біріне жәбір беріп, өзара дауласу, ұрыс-жанжал және басқа да жағдайлар етек алды. Сонымен бірге сүннет немесе мустахаб амал деп әлемді айқай-шуға толтырғанымыздан шыққан нәтиже не болды?

Нәтиже түрлі ұрыс-жанжалдарға және басқа ауыртпалықтарға алып барған қарама-қайшылық болды.

Шариғатымыздың үкімі бойынша мұндай қарама-қайшылық харам. Бұл үкіммен жоғарыда «шархи Ақидаи Тахауия» кітабынан келтірілген үзіндіде таныстық. Харам нәрсені халал санау діннен шығарушы күпір болса, оның харам екенін мойындай отырып амал ету үлкен күнә. Бұған ешкім қарсы шыққан емес. Өйткені мұсылмандардың ортасында қарама-қайшылық шығаруды халал санау күпір екендігі, бұл харам істі істеу үлкен күнә екені Құранның аяттарында және Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде қайта-қайта айтылған. Құран мен Сүннетке амал етуге аз ғана ынтасы бар мүмин-мұсылманның бұлардан кейбірін біліп алуы өмір бойы ешқашан ихтиләфтарға жақындамауына жеткілікті деп ойлаймыз.

 

Мұхаммед Содиқ Мұхаммед Юсуф,

«Қарама-қайшылықтар. Себептер. Шешімдер»

Жазып алған: nurgasyr.kz

 

 

P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шетелдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы nurgasyr.kz сайтына тиесілі.

Nurgasyr.kz сайтында жарияланған кез-келген ақпараттарды көшіріп алып, өзге желілерге таратушылардан және басқа сайттарға жариялаушылардан міндетті түрде nurgasyr.kz сайтына сілтеме қоюларыңызды сұраймыз.

 

 

2017-01-28
647

Добавить комментарий