Адам баласы өмірден озғаннан кейін де үш жағдайда оған тоқтаусыз сауап барып тұрады. Соның бірі өзгеге үйреткен, кейінгілерге мирас қылып қалдырған ілімі. Расымен де, том-том кітап жазып, тер төккен талай ғалым-ғұламалар бүгінде дүниеден озғанмен, олардың теңдессіз, тағылымы мол еңбектері әлі күнге дейін әлемнің әр түрлі тілдеріне аударылып, баспадан кітап болып қайта басылуда, ғасырдан ғасырға ауысып, оқырманнан оқырманның қолына өтіп жатыр. Сірә, ғалымның хаты өлмейтіндігі хақ.

 

Үмметтің игілігі үшін үлкен еңбек сіңірген ұстазымыз Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуфтың да өз заманындағы түйткілдерге терең мән беріп, өзекті тақырыптар төңірегінде көптеген кітаптар жазып қалдырғаны бәрімізге белгілі. Солардың бірқатарында діндегі талас-тартыстар, әр түрлі жат пиғылды ағымдар тудырған діни алауыздықтар, олардың шешімі мен себептері, кереғарлықпен күресу мәселелері қамтылды. Оқырмандар тарапынан үлкен сұранысқа ие болған бұл еңбектердің ішінде «Қарама-қайшылықтар. Себептер. Шешімдер» атты еңбегін ерекше атап кетуге болады. Еңбекте мұсылмандарды құлшылығында екіге бөліп, сеніміне сызат түсірген, шет елдерден келген теріс түсініктердің қателіктері қамтылып, талас тудырған мәселелерге дін тұрғысынан толық жауап берілгендіктен, оның мазмұны жағынан маңызды бірқатарын тұстарын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

 

Қазіргі ихтиләфтар қашан және қалай пайда болды?

Өткенге зер салсақ, халықтың ішінде дінімізді ұстап, намазын оқып, оразасын тұтып жүргендер өте аз болғандығы ащы шындық. Сол біршама мұсылмандар көп қиыншылықтармен намаз оқуды, ораза тұтуды үйренді. Олар халықтың арасында дінімізді үйренудің ең көп тараған әдістерін пайдаланып, бір амалдап намаз оқу мен ораза тұтуды үйренген болатын. Ал халқымыз ғибадаттарды тек Ханафи мәзһабының негізінде үйренетін еді. Олар мұсылмандықты танып, оған сеніп, амал ете бастады. Ғибадаттар мен шариғат үкімдерін міне осы Ханафи мәзһабы негізінде үйреніп, амал етіп келген. Ғасырлар бойы түрлі жағдайларға қарамай мужтәһид Ханафи ғұламаларымыз тарапынан Құран мен Сүннеттен алып, көпшілік қауымға қолайлы етіп қойылған фиқһ мәселелері дәл Исламның негізіндей ұсталып қалған болатын. Әсіресе, қиын кезеңдерде құдайсыздардың шабуылдарына ұшырап, дінімізді үйрену қиындап кеткен кездерде мұхтасар фиқһ кітаптар мен олардың негізінде ұйымдастырылған ықшам дәрістер үлкен пайда беретін еді. Осы әрі осыған ұқсас басқа әдістемелер себепті халқымыз басқа мәзһабтардағы үкімдердің қандай екенінен бейхабар қалды. Олар көпшілік мұсылман халықтары қатарында ислам шариғатын Ханафи мәзһабы бойынша үйреніп, Ханафи мәзһабы бойынша өмірлеріне қолданып келді.

Ақида мәселесінде жумһур мұсылмандары, әсіресе, төрт құрметті фиқһ мәзһабтарына ілесуші мұсылмандар қатары «Әһлі сүннә уал жәмъа» мәзһабы ақидасында берік еді. Мужтәһид имамдарымыз ынтымақпен Құран мен Сүннеттен шығарған ақидалық мәселелерге ауытқымай сенетін еді. Бұдан басқа нәрсе біреудің ойына да келген емес.

Рухани тәрбие дегенде тасаууфтың «Нақшбандия» мен «Қадария» секілді тариқаттары тараған болатын. Адамдар аталмыш тариқаттардың шейхтарынан тәрбие алатын. Бұл мәселеде де «ихтиләф», «келіспеушілік» деген нәрселер болған емес.

Кейінірек жастар дінімізді үйренуге кірісе бастады. Олар өздеріне сай заманда өскен еді. Басқа заманда, басқа ортада өскендері үшін басқаша ойлауы да табиғи жағдай. Олар елімізге шет елдерден оқуға келген кейбір мұсылман жастармен байланысып, кейбір жаңа кітаптарды оқып әсерленді. Сол шетелдік мұсылман жастар, әлбетте дінімізді жүйелі білетін ғалымдар емес. Бәлкім студент болып түрлі қоғамдық, фиқһ және басқа ағымдарға қатысты адамдар болатын. Олар біздің елімізден тапқан жаңа достарына Ханафи фиқһынан емес, өздерінің көзқарасын айтатын еді. Олар әкелген кітаптар да біздің адамдар үшін үлкен жаңалық болатын. Барлық уақытта, барлық елге, барлық халыққа және барлық жағдайға сай келмейді. Міне, осы әлсіз жағын түсінбеді немесе түсінуге әрекет етпеді.

Екіншіден, бұл жағдайды түсіндірудің мүмкіншілігі де жоқ еді. Исламды үйренуге мүлдем тыйым салынып, барлық нәрсе жасырын болатын. Мұндай жағдайда кімнің не істеп жатқанын білмейтіні айтпаса да, түсінікті. Осылайша халықтың арасында жаңа ойлар мен  пікірлер шыға бастады. Бұл арада қарт буын ғұламалары мен жастар ортасында кейбір түсініктер бойынша келіспеушіліктер пайда бола бастады. «Дүниеден өткен мұсылмандарға хатым Құран оқып, сауабын бағыштаса болады ма, жоқ па? Біреу келсе, отырғандардың орындарынан тұрып қарсы алуы дұрыс па, бұрыс па?» секілді сөздерден басталған тартысулар бірте-бірте ұлғайып кетті. Ортада ұрыс-жанжалдар, бір-бірін түрлі жолдармен кінәлаулар көбейді. «Сен мутаассибсың», «Сен пәленсің» деген бір-бірін кінәлаулар басталды. Ұстаздар бастаған ихтиләфтарға шәкірттер де қосылды. «Пәленше ақ кітап оқып, молда болған», «Пәленше сары кітапты оқып, молда болған» деген сөздер тарады. Халқымыздың арасындағы діни білімі бар, өте аз санды кісілер үшке бөлініп кетті. Бірінші топ ескі әдісті мықты ұстағандар болды. Екінші топ «жас молдалар» деп аталатын еді, үшінші топ «ресми рұқсат негізінде қызмет етушілер» деп аталды. Үшеуінің де өзіне сай ерекшеліктері бар.

 

Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуф,

«Қарама-қайшылықтар. Себептер. Шешімдер» атты кітабынан.

                                                                             

2017-01-24
535

Добавить комментарий