Cұрақ:

Мен өзім тұратын өлкеде өзімді өте нашар сезінемін. Қай жаққа барсам да, сәләфилік ағымдағылар мен соған ұқсаған адамдар жүреді. Соңғы екі жылдан бері өзіме жар іздеп жүрсем де, кезіккенімнің бәрі өкінішке орай жоғарыдағы сипаттағы жандар болды. Бұл жағдай мені тығырыққа тіреп, басымды қатырып жіберді. Менің білуімше, адамдардың көпшілігі дәстүрлі дінді ұстанады деуші еді, бірақ күнделікті көзім көріп жүрген жағдай мүлдем басқаша.

Салыстырмалы түрде адамның санасын оятып, рухани байытатын сөздері маған әсер қалдырды, алайда мен сәләфилерден және көпшілік мұсылмандарға қарсы шығатындардан (Ханафи мазхабы мен матуриди ақыдасын айыптайтын) басқа көкірегі ояу адамдарды көрмедім, себебі олар мәулітті тойламайды және т.б.

Мен Таяу Шығыстан мұсылмандарды кезіктіргенмін және олар да сәләфилік жолды ұстанады. Түсінуімше, Үнді жеріндегі мұсылмандар ғана бұл жолды ұстанбайтын секілді.

Мен өзім таңдаған бағытым дұрыс екендігіне қалайша сенімді бола аламын? Екі Қасиетті қалада да сәләфилер/уахабиліктер өз қарамағында ұстап тұрса, Алла олардың жолын дұрыс қылмағаны ма? Мәдина қаласына бидғат болуы мүмкін емес деп ойлаушы едім.

Сауалым біршама тұрпайы және орынсыз болса, кешірім сұраймын, алайда осы сұрақ  мені мазалап, психикалық дағдарысқа соқтырып жатыр.

 

Жауап: 

Аса Қамқор, Ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Бұл сіздің тек бұрыс жолдағы адамдарды кезіктіруіңізге байланысты. Мұсылмандардың көпшілігі сәләфилік және тек Үндістандықтар ғана бұл жолды ұстанбайды деген пікір дұрыс емес болып табылады. Шындығында, мұсылмандардың 85 %-ынан көбі әһлу сүннет уәл жамағат негізіндегі дәстүрлі ортодокстық сунниттік бағытты құрайды. Бұл —  мыңдаған жылдар бойынша мұсылмандар ұстанып келе жатқан ең негізгі дұрыс бағыт, ал өздерін сәләфилікпіз деп санағандар соңғы 30 жыл көлемінде пайда болған теріс ағымдағы адамдар.

Үндістан/Пәкістан, Азия, Түркия, Сирия, Ирақ, БАӘ және басқа да көптеген елдерде Ханафи мәзһабын ұстанады. Индонезия, Малайзия, Шри-Ланка, Йемен, Египет және Сирияның бір бөлігі Шафиғилік мәзһабты ұстанса, Тунис, Алжир, Мавритания, Морокко, Ливия секілді Солтүстік Африка елдері Маликилік бағытты ұстанады. Ханбали мәзһабын ұстанушылар – Сауд Арабиясының кей бөлігінде, Кувейт, Бахрейн, Сирия және тағы басқа мемлекеттерде шоғырланған. Әшғари және Матуриди ақида мектептері де осы мұсылман елдерінде таралған.

Сонымен қатар, Сүнниттік бағыттағы мұсылмандар өте аз деу — әлбетте дұрыс емес, олардың саны бұрын да, қазір де айтарлықтай көп.

Абдулла ибн Омар (радиаллаһу әнһума) Алла Елшісінің былай дегенін жеткізеді:

«Расында, Алла менің үмметімді адасуда басын қоспады, және Алланың қолы (көмегі, қорғауы және мейірімі) бір ғана топта болады, кім олардан бөлінсе, тозаққа қарай кеткені.» (Сунан Тирмизи, 2167)

Сондықтан, мұсылмандардың көпшілігі ұстанатын және сіз таңдаған осы жол — ең дұрыс бағыт. Біздің елдегі имамдар және мұсылмандардың көпшілігі сүнниттік бағытты ұстанады. Сіздің араласып жүрген ортаңыз мүмкін шектеулі және аз ғана болар, сол себепті, басқа да мұсылмандармен танысып, араласып көргеніңіз жөн.

Қазіргі таңда мұсылмандар арасында дәстүрлі сүнниттік бағыт, мәзһаб ұстану және Матуриди ақидасы, өкінішке орай, көп талқыға салынуда. Мұндай адамдарға сыпайы және көркем түрде мұндай керек емес мәселелерді тастап, Исламның басқа маңызды болған негіздеріне көбірек көңіл бөлуді насихаттау керек (қиямет күні қайсысы маңыздырақ болады деген ұстамға орай).  Сіз де мұндай талас-тартыстардан өзіңізді аулақ ұстаңыз, сізді Сүнниттік жолдан тайдырмайтын адамдармен араласқаныңыз абзал.

Сауди Арабиясында әл-Харамды бақылауда ұстап тұрған сәләфиліктер турасындағы ойыңызға байланысты, қасиетті мекендерді өз билігінде ұстау тура жолда жүрудің ешқандай дәлелі емес. Тарихқа көз жіберсек, теріс ағымдағы адамдардың қасиетті мекендерді билегенін бірнеше мысалдан байқауға болады.

Бірнеше жылдар бұрын, осы қасиетті жерлерді сүнниттіктер өз қарамағында ұстап тұрған болатын. Мекке Мукаррамма мен Мәдина Мунауаррадағы қасиетті мешіттерде Исламның үлкен төрт мектебі-мәзһабтары бойынша мұсылмандар намаз оқуға жиналатын. Мұхаммед ибн Абдул-Уаххаб пен оған ерушілердің өз идеологиясын таратуына дейін, осы аймақтарда сан ғасырлар бойы көптеген ғұламалар өмір сүріп, ілім алды.

Алайда сәләфилік/уахаббилік ағымдағылардың осы аймақтарды өз бақылауында мықтап ұстағанына қарамастан, сол жерде Сүнниттік жолды ұстанатын ұлы ғұламалар да бар екендігін тілге тиек еткіміз келеді. Мысал ретінде, шейх Мұхаммед әл-Әууәма (Сириялық ханафи ғұлама), шейх Хабиб Зайн (Йемендік шафиғи және тасаууф ғалымы), шейх Абдул-Хафиз әл –Мәкки (Пәкістандық ханафи мәзхабының және сопылық мектептің белді ғұламасы), Саййди Алауи әл-Мәлики (Мекке Мукаррамада) және тағы да басқа осы қасиетті аймақта өмір сүріп, шәкірттерге білім беріп жатқан көптеген Ислам ғұламаларын келтіруге болады.

Үндістанда дүниеге келген ханафи  мәзһабының ғалымы және атақты мухаддис Шейхул-хадис  Мухаммед Закария әл-Кәндәхләуи (рахимахуллаһ) өмірінің соңғы жылдарын Мәдина әл-Мунаууарада өткізді. Оның шәкірттері мен соңынан ерушілер саны өте көп. Өзімнің ұстазым шейх Мәулана Мұхаммед Юсуф Мутала да оның маңызды шәкірттерінің бірі болған. Жетпісінші жылдардың аяғында сол кездегі Меккедегі әл-Харам мешітінің бас имамы шейх Мұхаммед ибн Абдуллаһ Субайл келіп, шейх Мұхаммед Закарияның  зікір қалқасына қатысатынын өз құлағыммен ұстазымнан естіген едім.

Қорытындылай келе, Абдулла ибн Омар (радиаллаһу әнһума) жеткізген Алла Елшісінің мына хадисін есіңе сақтағайсың:

«О, Алла! Шам мен Йеменді жарылқа. Олар (сахабалар) сұрайды : «Біздің Надж ше?» Алла Елшісі  : «О,Алла, Шам мен Йеменді жарылқа»,-дейді. Сахабалар қайтадан: «Біздің Надж ше?»-деп сұрайды. Алла Расулы  : « Ол жерде жерсілкінісі мен түрлі қасіреттер пайда болады да, шайтанның мүйізі шығады»,-деді. (Сахих Бухари, 990)

Алла жақсырақ білуші.


Авторлық құқық Hanafi.kz сайтына тиесілі.

2017-06-20
389

Добавить комментарий