Хафиз[1] Абу Мұхаммед әд-Дарими (181-255 һ.ж.) (Алла ол кісіні мейіріміне бөлесін) өзінің хадис жинағында мынадай сөзді келтіреді:

 

«Бізге Абу ән-Нұғман, Хаммад ибн Зайд, Йазид ибн Хазим Сүлеймен ибн Йасардан мына сөзді жеткізді»:

«Сабиғ есімді бір кісі Мадина қаласына келіп, Құрандағы «муташабиһ»[2] аяттардың мағыналарын сұрай бастайды. Мүміндердің әміршісі халифа Хаттабтың ұлы Омар оған адам жіберіп, артынша пальма ағашынан бұтақтар дайындап қояды. Сөйтіп алдына келген оған Омар былай дейді: - Сен кімсің? Ол: - Мен Алланың құлы Сабиғпін, - деп жауап береді. Сонда Омар таяқты қолына алып оны ұрады да оған: - Ал мен Алланың құлы Омармын, - дейді. Омар оны қатты ұрғаны соншалық оның басынан қан шығып кетеді. Сонда Сабиғ: - Болар енді, йа, мүміндердің әміршісі! Менің басымдағы болған нәрсе кетіп қалды, - деп сұрап жүрген нәрсесінің дұрыс емес екенін мойындап түсінеді»[3].

Алла тағала Құран Кәрімде:

 

هُوَ الَّذِيأَنْزَلَعَلَيْكَ الْكِتَابَ مِنْهُ آيَاتٌ مُحْكَمَاتٌ هُنَّ أُمُّ الْكِتَابِ وَ أُخَرُ مُتَشَابِهَاتٌ فَأَمَّا الَّذِينَ فِي قُلُوبِهِمْ زَيْغٌ فَيَتَّبِعُونَ مَا تَشَابَهَ مِنْهُ ابْتِغَاءَ الْفِتْنَةِ وَ ابْتِغَاءَ تَأْوِيلِهِ وَ مَا يَعْلَمُ تَأْوِيلَهُ إِلَّا اللَّهُ وَ الرَّاسِخُونَ فِيالْعِلْمِ يَقُولُونَ آمَنَّا بِهِ كُلٌّ مِنْ عِنْدِ رَبِّنَا وَ مَا يَذَّكَّرُ إِلَّا  أُولُو الْأَلْبَابِ

 

 

«Ол Алла Саған Құран түсірді. Оның ашық мағыналы аяттары бар. Солар негізгі ірге тасы. Екінші, ұқсас ұғымда (муташабиһ) аяттар бар. Жүректерінде қыңырлық болғандар бұзақылық істеп, ұқсас мағыналы аяттардың ұғымын іздестіріп соңына түседі. Оның ұғымын Алла ғана біледі. Сондай-ақ ғылымда озат болғандар: «Бұған сендік. Барлығы Раббымыздың тарапынан» дейді. Бұл нәрсені тек ақыл иелері ғана түсінеді»[4], - деп астарлы мағынадағы аяттардың соңына түсіп, оны қазбалаудың дұрыс емес екенін ескертеді.

 

Нұрбол Смағұлов

«Нұр Ғасыр» мешіті


[1]Мына сілтемеге өтіңіздер: http://nurgasyr.kz/index.php/khadis/1370-khafiz-degen-kim

[2] Муташабиһ(араб.: متشابه‎) — Құран Кәрімнің бірнеше мағынаны білдіруі мүмкін, түсінуі қиын аяттары. Муташабиһ сөзі арабтың «ташабаһа» (араб.: تشابه‎) деген «ұқсас болу, күмәнді болу» деген етістігінен шыққан

[3] Хафиз әд-Даримидің «Сунан» атты хадис жинағын қараңыз

[4]Әл Имран сүресі, 7 аят

2017-06-08
514

Добавить комментарий