Тақиуддин Әбу әл-Аббас Ахмад ибн Әбдухалим ибн Әбдуссалам  ән-Намири әл-Харани (һ. 661 – 728, м. 1263-1328 ж.) Дамаск қаласында дүниеге келген. Ибн Таймия деген есіммен белгілі.

Ізбасарлары оны Шейхулислам деп атайды. Фақиһ, мужтаһид, Имам Ахмад мәзһабының (ханбали мәзһабы) негіздерін ұстанушы. Әкесі Таймия және Әл-Ғизз ибн Әбдуссалам деген ғалымдарға шәкірт болған. Харан, Дамаск, Мысыр, Искандария қалаларында өмір сүрген. «Мажмуъ әл-фатауа», «минһаж әс-сунна ән-набауия», «әл-ақида әл-уасития» атты еңбектері бар.

Оның амалдары ақыл мен қиястан гөрі Құран мен сүннетке сүйенуімен ерекшеленеді. Дінді билік арқылы жүргізуді жөн көріп, оны діннің ұлы міндеттерінің бірі деп санады. Жиһадты екі түрге бөліп қарастырды: Бірі бастама жиһад немесе ерікті жиһад. Ол оны парыз кифая деп санады. Екіншісі мәжбүрлі жиһад, оны парыз айн есептеді. Қандай да бір елге ислам шариғаты жетіп, олар оны қабылдамайтын болса, онда олармен соғысу міндет деп есептейді. Өз заманында шығыс жақтан шыққан татарларға қарсы соғыста серіктес болған. Сонымен қатар шиға және исмаилиттерге қарсы шығып, ислам шариғаттарының біреуінен бас тартқан әрбір топпен соғысу уәжіп деген пәтуа берген. Басқалар бидғаттың жайылуына көмекші деп есептеген сопылыққа қарсылық білдірді. Сол уақытта Мысыр мен Сирияда етек алған «Кәлам ғылымына» қарсы тұрды. Ибн Арабидің «уихдату әл-ужуд»[1] теориясымен барынша күресті. Кейін Дамаск қаласында абақтыда отырып өмірден озды.

 

Ибн Таймияның шәкірттері:

 

  • Шамсуддин ибн Қойм әл-Жаузия. Ол Ибн Таймияның танымал шәкірттерінен. Ұстазының жанында 16 жыл шәкірт болып дәріс алған. Ұстазы Ибн Тәймиядан бөлек өзі бір зынданға қамалып, ол жерден Ибн Таймия өлгеннен кейін бірақ шығады.
  • Әбу Абдулла Мұхаммед әз-Зәһаби. «Сияр әълам ән-нубала» атты еңбектің авторы.
  • Исмаил ибн Омар ибн Касир. «Ибн Касир» атты тәпсір кітабы, «әл-бидая уә ән-ниһая» атты тарих кітаптарының авторы.
  • Мұхаммед ибн Әбдулһади әл-Мақдиси.
  • Әбу әл-Аббас Ахмад ибн әл-Хасан әл-Фариси. Ибн Қади әл-Жабал есімімен танымал.
  • Зайнуддин Омар. Ибн әл-Уәрди есімімен танымал.
  • Ъилмуддин әл-Барзали.
  • Фатима бинт Аббас әл-Бағдадия.
  • Және тағы басқалар.

 

 

 

 

Дайындаған Смағұлов Нұрбол

«Нұр Ғасыр» мешіті


[1] Алла мен табиғат бір ақиқат нәрсе. Алланы жаратылған бұл әлемнің бір бейнесі деп есептейтін философиялық мәзһабтың ұстанымы.

2017-05-02
964

Добавить комментарий