Негізінде мәзхаббасы ғұламаларымыз бен мужтаһидтеріміздің барлығы бірауыздан «Намазда Фатиха сүресінен кейін «әминді» айту сүннет» деп келісті. Алайда, «әминді» іштей айту абзал ма, әлде дауыстап айту абзал ма?» деген мәселеде екі түрлі жол ұстанған.

Кейбірі, Шәфиғи мен Ханбәли мәзһабының ғұламалары «Әминді» дауыстап айту абзал» десе, екінші топтағы ғұламаларымыз, яғни Ханафи және Мәлики мәзһабының ғұламалары «Әминді» іштей айту абзал» дейді. Өйткені, Расулулладан (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) жеткен риуаяттарда аталған екі іске де дәлел бар.

Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) риуаят етіледі:

«Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын):

«Егер имам «ғайрил мағдзуби аләйһим уәләддзааллин» десе, «Әмин» деп айтыңдар. Өйткені, кімнің айтқаны періштелердің айтқанына тура келсе, оның өткен күнәлары кешіріледі, - деді».

Хадисті имам әл-Бұһари риуаят еткен.

Шәфиғи мен Ханбәлилер және олармен пікірлес тараптар:

-         Осы хадисте Пайғамбарымыз бізге имам «әмин» дегеннен соң «әмин» деп айтуымызға бұйырып жатыр. Сондықтан біз «әминді» айтуымыз керек, - дейді.

«Әминді» іштей айту абзал» дегендер, әсіресе, Ханафилер мен Мәликилер болса: «Әминді» айту керек екендігі өте дұрыс. Сол үшін біз де айтамыз. Бірақ хадисті «әминді» дауыстап айтыңдар деген жоқ қой?! Сондықтан бұл хадисті «әминді» дауыстап айтуға дәлел ете алмайсыңдар», - дейді. Шындығында бұл хадис екі тарапқа да бірдей дәлел бола алады.

Уәйл ибн Хужр Әл-Хадзрамиден (Алла оған разы болсын) риуаят етіледі:

«Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) намаздан босағанын көрдім. Тіпті жүзін о жағынан да, бұ жағынан да көрдім. Ол (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Ғайрил мағдзуби аләйһим уәләддзааллин», - деп оқыды да, дауысын созып: «Әмин», - деді. Мұны бізге тәлім беру үшін ғана істеді деп ойлаймын».

Хафиз Әбу Бишр Әл-Дәуәләбириуаят еткен.

Бір-біріне қарсы тараптар: «Бұл және бұған ұқсас хадистерде Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) имам бола тұра, «әминді» айтқаны жайында сөз болады. Ал бұл «Имамға ұйып намаз оқып жатқан адам «әминді» дауыстай айтсын» деуге негіз бола алмайды», - дейді. Сонымен қатар, хадисте «дауысын созып» деп келген, «дауысын жоғары көтеріп» емес.  Әдетте имамның қасында тұрғадар еститіндей дәрежеде дауыс шығаруы «бір нәрсені дауыстап айту» дегенді білдірмейді. Өйткені, көптеген сахих риуаяттрда келгендей, Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) кейде бесін намазында аяттарды қасында тұрғандар еститіндей деңгейде сыбырлап оқыған екен. Бірақ бесін намазында дауыстап қирағат етілмейтіні баршаға мәлім.

«Әмин» сөзі – «Дұғамызды, тілегімізді қабыл ал!» деген мағынаны білдіретін дұға. Қалай дұға ету керектігі жайында Алла Тағала «Ағраф» сүресінің 55-аятында былай дейді: «Раббыларыңа жалбарынып, жасырын түрде тілеңдер! Күдіксіз Ол шектен шығушыларды жақсы көрмейді».  Демек «әминді» ішімізден айтсақ, айтылған аятқа амал еткен боламыз.

«Әмин» сөзі Құраннан емес екендігі баршамызға белгілі. Бұған қоса бұл сөз араб тілінде де емес. «Әъузу билләһи минәш шайтанир ражим» Құраннан. Сондай-ақ, Алла Тағала бізге Құран оқығанымызда оны айтуды уәжіп еткен.  Осылай бола тұра, «Әъузу билләһи минәш шайтанир ражимді» намазда ішімізден айтамыз. Онда «әминді» неге дауыстап айтуымыз керек екен?

Әбу Уәилдан (Алла оған разы болсын) риуаят етіледі:

«Әли мен Ибн Масъуд «Бисмилләһир Рахманир Рахимді» де, «әъузуды» да, «әминді» де дауыстап айтпайтын еді».

Әт-Табәрани риуаят еткен.

Пайғамбарымызбен әрдайым бірге жүрген Әли мен Абдулла ибн Масъуд секілді өте білімді сахабалардың «әминді» іштей айтуы да, күшті дәлел саналады. Басқа бір риуаятта Омардың (Алла оған разы болсын) да «әминді» іштей айтып, намаз оқығаны айтылады.

Ханафи ғұламалары дәл осы мағынадағы басқа құрметті сахабалардың аттары айтылған риуаяттарды да келтіреді

Біз бұл жайындағы сөздерді жинақтап баяндаған болсақ, бұрынғы ғұламаларымыз бұл мәселеге қатысты барлық риуаяттарды бір-бірлеп келтіріп, толық талдаған. Тіпті мәтіндердің күші тең болып қалған жағдайда рауилердің қайсысы күшті екенін де сұрастырған, әрі «Әминді» іштей айту абзал» деген қорытынды шығарған.

«Қарама-қайшылықтар. Себептер. Шешімдер»

2017-02-16
680

Добавить комментарий